Досымның егде тартқан қарт анасы бар-тұғын. Қарт адамды ауыру-сырқау иектейтіні белгілі ғой. Қоңыр күз келген бетте досым Түркістанда ағасының қолында тұратын анасын Алматыға алдырып емханаға жатқызып, ем қабылдатқызатын. Биыл да әдеттегідей анасын Түркістаннан алдырып, Алматыдағы емханалардың біріне жатқызды. Досым "бір палатада үш қарт ана жатты, екеуі қазақ, біреуі орыс" деді.
– Анамызға күн сайын барып, хал-жағдайын сұрап, дәрі-дәрмегін жеткізіп тұрдым. Сонда бір байқағаным, палатаға қашан кірсем де бір бөлмеде жатқан үш кейуана орыс тілінде шүйіркелесіп отырды. Біздің Түркістанда қазір орыс та қалмаған ғой. Бірақ анам ескі орысшасын есіне түсіріп, тілін бұрап әңгіме соғып отырғанын көргенде таңқалдым. Қазақтың екі кейуанасы араларындағы орыс кемпір үшін орыс тілінде сөйлейді. Оларды орысша сөйлеңдер деп қыстап, қинап жатқан ешкім жоқ. Бір барғанымда мұның "жөн" емес екенін анама айтып едім. Ол кісі "арамыздар орыс кемпір жатқаннан кейін "өздігімізден" орысша сөйлеп кетеміз" деп түсіндірген болды, – деді досым. Иә, қалаң қазақтың арасына бір орыс келіп кірсе, тілімізді бұрап, бәріміз орысша сөйлеп кететініміз рас. Бұл не сонда? Құлдық сананың қанға әбден сіңгенінің белісі ме?
Президенттің өзі "алдымен қазақтар бір-біріңмен қазақ тілінде сөйлесіңдер" деп айтты ғой. Неге қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлемейді? Елбасының бұл сөзін әр жерде айтып, жазған мақаламызға дәйексөз қылудан әріге асқан емеспіз. Осы бір сөзді қашан іске асарамыз? Қалың ортада қазақтар өз араларында неге қазақша сөйлемейміз?
Егер біздер бәріміз қазақ тілінде сөйлей бастасақ, орыстар бұлар не деп жатыр деп қазақ тілін өздігінен үйренбей ме? Меніңше, қазақтардың бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеуі еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің төте, әрі ең тиімді жолы емес пе? Бұл үшін мемлекет қазынасынан қаржы бөлудің де қажеті жоқ. Тәуелсіздіктің 26 жылында осы дүниені түсіне алмай келе жатқан кімді болса да өкінтетіні анық.
Енді бастапқы әңгімемізді қайта оралсақ, Досым бүй дейді:
– Анама ота жасайтын күн таяған сәтте ол маған "Ота жасайтын дәрігерге 15 мың теңге беріп қой. Отасын жақсы жасасын. Нархоз беретін анестезиолог баланың қолына да бір 10 теңге ұстат" деді. Амал не, анамыздың денсаулығынан ақша артық емес қой. Сондықтан айтақанын екі етпей, екі дәрігердің де қалтасына ақшасын салдым. Әйтеуір ота сәтті өтіп, денсаулығы қалып келді. Анама барып жүргенде бір байқағаным орыс кемпір өзін емдеген медбикеден бастап, бас дәрігерге дейін өзін жақсылап қарауды талап етіп, тіпті кейде жекіп, ұрсқан кездерін де көрдім. Біз секілді өзін қараған дәрігерлердің қолына бір тиында ұстатқан жоқ. Осы бір жайттар соңғы жылдары қазақтардың жалтақ, бар мәселесін пара беріп шешуді жөн көруге еті әбден үйренгеніне көзім жете түсті. Осындай дүниеге журналист ретінде жан-тәніммен қарсы болсам да, осы бір кесапат өзімнің ет жақын адамдарымды байлап, матап алғанын байқадым. Анамның емханадан шығатын уақыты да таяп қалған еді. Бір күні анама барып, сөйлесіп хал-жағдайын білген соң, жұмысқа асығып шығып бара жатқанымда. Өткенде анама дұрыс қарасын деп 10 мың теңге берген анестезиолог жігіт алдымнан шығып, "бірдеңе" айтықысы келетін білдіріп кең залдың бір бұрышына қарай бастады. Сонда ол маған не айтты дейсіз ғой? "Аға, анаңыздың жанында жатқан қазақ апаға бүгін-ертең ота жасаймыз. Ол кісінің соңынан хал-жағдайын сұрап келген ешкімді көрмедім. Өзіне тіке ештең айта алмадым... Үлкен... кісі ғой. Анаңызға бір ауыз айтыңызшы бізге 10-15 мың теңгесін берсін деп айтсыншы", – деген де талғым тарс айырылды. Жап-жас жігіттен мұндай сөз естимін деп ойламап едім.
"Ей оңбаған, мен саған өткенде 10 мың теңге берсем мен оны өзімнің саған деген ризашылығым үшін бердім. Сен мұны пара деп ойладың ба? Өзіңнің лас тірлігіңе менің анамды араластырма. Сол палатада қазақтың екі кімпірі мен орыстың бір кемпірі жатыр. Мықты болсаң, ана орыс кемпірден ашқа сұрап көрші. Қас-қабағыңа қарап жәутеңдеген қазақтың қарт анасына қызметіңді бұлдап, ақша сұрағаннан ұяламайсың ба? Ол кісінің артынан ешкім келмесе, іздейтін ет жақын туысы жоқ шығар. Сол үшін дұрыс қызмет көрсетпейсің бе? Бұл не деген сұмдық? Бауырым, есіңді жи! Бойыңдағы жаман әдетіңнен арыл! Мен бұл сөзді естімеген болайын, сен айтмаған бол, – деп теріс айнылып кетіп қалдым, – деп досым басынан өткен оқиғасын айтып берді.
Бұл әңгіме мені түрлі ойға жетелді. Жемқорлық та бүлінген, отарланған санаға тез ұя салатынын түсінгендей болдым. Осы бір қарапайым ғана мысалдан жемқорлықтан құтылып, қазақ тілінің салтанат құруы үшін бірінші кезекте санамыз тәуелсіз болуы керек екенін түсіндім.
Нұрлан ЖҰМАХАН