Қаржаубай мырзаға қарымта жауап

Dalanews 10 сәу. 2016 23:30 1296

 

немесе «жығылған күреске тоймайды»


Ал, біздің жоғарыда аталған «Құпия шежіренің құпиясы» атты көлемді еңбегімізге жасаған «талдауыңыз» ғалымның еңбегі деуден гөрі, білместің әуресіне көбірек ұқсайды. Онымен қоймай, «Біздің қытайша сауатымыздың  аздығын пайдаланып...» деу арқылы жұртты тағы да алдағыңыз келеді. Мұны көрген оқырман: «Мына Қаржаубай Сартқожаұлы қытайшаны да біршама біледі екен-ау», - деп қалар. Әрине, сіздің мақсатыңыз да сол – жұртқа білімді болып елестеу. Дардайсып – ғалым болып көріну, дандайсып – дәйексіз сөйлеу сіздің үйреншікті әдетіңіз ғой. Бірақ, сіз соны біліңіз, қазақ өте сауатты халық. Әдеп сақтап аз сөйлегенімен, кімнің суайт, кімнің шыншыл екенін көш жерден айырады.

Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын


Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі, 


шыңғысхантанушы, тарихшы, аудармашы.


«Біз ғалымдар, саясатпен шұғылданбаймыз, тек ғалыми шындықты іздеумен айналысамыз. Сондықтан Әбенайұлының кейінгі терең зерттеу жұмыстары бізді қызықтырады. Бұрын да миллиондаған адамы бар түрік  әлеміне шағын ғана әлсіз Моңғол жұртынан шыққан адамның хан болуы түсініксіз және шындыққа ұласпайтын жай болатын.

Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан. Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрхан және Түрген атты жерлерді қазіргі Моңғолия аумағынан да, солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, бері де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын. Мұны моңғол ғалымдарымен бірге талқылап, пікірталас жүргізу керек. Шыңғыс ханның кеңселік құжаттары түрік тілінде жүргізілген. Моңғол болса, неге моңғол тілінде жүргізілмеген? (астын сызған біз, Т. Ә.) Моңғол ғалымдары бұл туралы: «Өйткені ол түріктердің арасында жүргендіктен де, оларға түсінікті болу үшін түрік тілінде жүргізді»,-дейді. Ал, жарайды, делік, онда олар парсылармен соғысты неге парсы тілінде жүргізбейді? Арабтармен соғысты неге араб тілінде жүргізбеді? Ресейді, Қытайдың тең жартысын жаулап алды, «неге орыс, қытай тілдерінде жүргізбеді?» деген сұрақтардың тууы заңды.

Шыңғыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі.  Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін. Бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс ханды түркі әлемінің көсемі ретінде тануға келісуге тиіспіз. Шыңғыс хан – Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам. Қазіргі  Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәлелдеп, мойындату керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әр түрлі тәсілдермен ары қарай жалғастыра беру керек. Дулатидің,  Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір  немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді.  Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой. Осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президеум мүшелері  бұл еңбекті ары қарай жалғастырып, зерттеу керек деген қорытындыға келдік (М. Жұрыновпен сұхбаттасқан қарымды журналист, дарынды ақын, Төреғали Тәшенов, Т. Ә.)»  - бұл Қаржаубай Сартқожаұлының "Шыңғысханды "қазақ қылу" Әбенайұлының әдепкі ісі" атты мақаласынан алынған үзінді («Қазақ үні», 4-сәуір). Әрі сол мақаладағы ең кәделі сөз де – дәл осы дәйек. Бірақ, бұл сөзді айтқан мақала авторы емес. Қайта, Мұрат Жұрынов мырза – қазақтың ең даңқты перзенттерінің бірі, мемлекет және ғылым қайраткері. Ол кісі ҚР ҰҒА-ның Президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик сынды ресми лауазымдар мен мәртебелі атақтардың иесі екені көпшілікке аян. Сондай-ақ, Мұрат Жұрынов мырза Ата заңымызға «Жалпы білім беру міндетті» деген аса маңызды мазмұнды кіргізген және мұның мәнін Елбасының алдында дәлелдеген ұлтжанды қайраткер екенінен де көзі ашық жұрттың хабары бар деп ойлаймыз.

[caption id="attachment_13736" align="alignright" width="376"]Karjaubai Қаржаубай Сартқожаұлы[/caption]

Демек, Мұрат Жұрынов мырза Қаржаубай Сартқожаұлынан не істеуді, қалай сөйлеуді үйренетіндей кісі емес. Осынау тұлғаның пікірі – әлемге әйгілі ҚР ҰҒА-ның, Қазақ ғылымы корифейінің (абызының) пікірі. Мақала авторы осыны түсінбеген болуы керек, жоғарыдағы өте құнды пікірге өз тарапынан наразылық білдіріпті. Сосын: «Қазақстан ҒА-ның Президент М. Жұрынов мырзаға ұсыныс» - деген айдармен ұсыныс айтқан көрінеді. Ісжүзінде, Қаржаубай мырзаның бұл ұсынысы жоғарыдағы өзі келтірген үзіндіде қамтылған. Бұған сол дәйектегі Мұрат Жұрынов мырзаның: «Мұны моңғол ғалымдарымен бірге талқылап, пікірталас жүргізу керек. Шыңғыс ханның кеңселік құжаттары түрік тілінде жүргізілген. Моңғол болса, неге моңғол тілінде жүргізілмеген?» - деген сөзі куә. Қаржаубай мырза, сіз ҚР ҰҒА Президентінің өз сөзін өзіне ұсыныс етіп қоймақсыз ба? Сонда, ол «ұсыныстың» авторы кім болады? Мынауыңыз – нағыз идея ұрлау ғой. Ағасы, жұртқа қалай сөйлеуді үйретуден гөрі, өзіңіз ойлап сөйлеу туралы курстан өтсеңіз дұрыс-ау?!

Қаржаубай мырза, сіздің осындай жаман әдетіңіз, «Ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде тағатын» сумақы қылығыңыз мына тұста да айпарадай көрініп қалған. Сіз өзіңіздің аталмыш мақалаңызда: «Құпия шежірені зерттеушілердің дені бүгінге дейін «Гу» нұсқасын тұғыр дерек ретінде пайдаланып келді», - деп білгішсіпсіз. Ісжүзінде, біз «Құпия шежіренің құпиясы» («Нұрлы-Әлем» Алматы 2010 ж. және факсимилелі нұсқасы, «Шапағат-Нұр» Алматы 2013 ж., сондай-ақ, орысшаға аудармасы, «Тайна тайной истории», «Шапағат-Нұр» Алматы 2013 ж.) атты еңбегімізде, осы ірі тарихи құжатты – «Моңғолдың құпия шежіресін» аударып талдаған кітабымызда ол туралы «Жалпы түсініктеме» деген тақырыппен біршама толық ақпар берген едік. Сіз болсаңыз, біздің сол сөздің өңін айналдырып, өз «жаңалығыңыз» етіп көрсетпек болыпсыз. Керісінше, біздің сол кітап жарық көргенге дейін сіз жұртқа: «Мен «Моңғолдың құпия шежіресінің» түпнұсқасын моңғол тілінен оқығамын» - деп қоқиланып келіпсіз. Сол суайттығыңыз бір-ақ күнде пәш болған соң, біздің аталмыш еңбекке алғашқы кезден-ақ қарсы болдыңыз. Енді келіп, бір таңда «қытай тілінің маманы» болып шыға келіпсіз. Оқырман алдында осынша көзбояушылық жасаудан ұялмайсыз ба?! Ар-ұят болмаған жерден ғылым-білім не іздесін?    

Ал, біздің жоғарыда аталған «Құпия шежіренің құпиясы» атты көлемді еңбегімізге жасаған «талдауыңыз» ғалымның еңбегі деуден гөрі, білместің әуресіне көбірек ұқсайды. Онымен қоймай, «Біздің қытайша сауатымыздың  аздығын пайдаланып...» деу арқылы жұртты тағы да алдағыңыз келеді. Мұны көрген оқырман: «Мына Қаржаубай Сартқожаұлы қытайшаны да біршама біледі екен-ау», - деп қалар. Әрине, сіздің мақсатыңыз да сол – жұртқа білімді болып елестеу. Дардайсып – ғалым болып көріну, дандайсып – дәйексіз сөйлеу сіздің үйреншікті әдетіңіз ғой. Бірақ, сіз соны біліңіз, қазақ өте сауатты халық. Әдеп сақтап аз сөйлегенімен, кімнің суайт, кімнің шыншыл екенін көш жерден айырады.

Мына біреу «түпнұсқа» деп көрсетіп қойғаныңыз да:

 

shings-han-dalanewes-kz-02

 

әлде қалай жоқтан тапқан жаңалық емес, біз пайдаланған нұсқаның қосалқы, мөрленген беті ғой. Оның шимайсыз таза нұсқасын, яғни, негізгі мәтіннің 1-бетін біз де берген едік («Құпия шежіренің құпиясы», факсимилелі нұсқасы, «Шапағат-Нұр» Алматы 2013 ж., 12-бет, 1-факсимилеге қараңыз). Онымен қоймай, ол: «1», «2», «3» - деген, бәлендей маңызы жоқ бөліктерге бөлініп қойылған көрінеді. Сондай-ақ, оған – мөрленген бетке, бірсыпыра мантаж жасалыпты. Әсілі, мөрленген бет бес баған болып: «嫩秃/黑/剌周» (нын-ту-/хый/-ла-жоу) деген сөзбен және «营盘做着» (йің-пан-зо-жы) сынды тұстық аудармамен, оңнан солға қарай 5-бағанмен ақырласады. Ал, қалған бағандар ол бетке тән емес. Әрине, ол сіздің ісіңіз емес шығар?! Өйткені, сіз қытайша бір пішікті (иероглифті) де білмейсіз ғой. Сөйте тұрып, өзіңізге көмектескен адамның атын көрсетпегенсіз. Сірә, ол адам шаласауат болғандықтан атын атаудан өзі жалтарған болар. Білімі терең емес екенін: «juan-chao mi-shi» немесе «чі-енг-кі-сі ха-хан-не ху-жа-ғу-ер» - деген транскрифция сымағы анық көрсетіп тұр. Сізге ғылымилық, нағыз шындық керек болса, оның дұрысы былай:

Әсілгі мәтін «元朝秘史» деп жазылған, ол «juan-chao mi-shi» деп емес, нағында «yuan-chao mi-shi» деп транскрифцияланады. Оны қазақша «Үйән-чау ми-шы» деп баламалауға және солай оқуға болады. Бұл – осы тарихи құжатқа берілген қытайша ат. Ол қазақшаға «Үйән әулетінің құпия тарихы» деп аударылады. Осындағы «үйән» (元) деген пішікті біздің мамандарымыз орысша акцентпен, «юань» деген дыбыстық аудармамен қабылдаған. Әрине, одан ғылымға ешбір нұқсан келіп тұрған жоқ. Тек, зерттеуші екі дыбыстық аударманың бір мағына беретінін, сондай-ақ, орысшасынан гөрі қазақшасы әрі тілімізге жатық, әрі түпнұсқа тілдегі дыбысталуына жақынырақ екенін түсіне білсе болғаны.  

Ал, екінші «транскрифцияңызға» келсек, сіздің «чі-енг-кі-сі ха-хан-не ху-жа-ғу-ер» дегеніңіз ғылымилықты былай қойғанда, қытай тілінің қарапайым табиғатына мүлде үйлес келмейді. Бұл сөйлем қытай пішігімен «成吉思合罕讷忽札兀儿» деп жазылады. Оны «пин-йін» (拼音) деп аталатын сол тілдің латынша өлшемді транскрифциясымен «Cheng-ji-si he-han ne hu-zha-wu-er» деп жазады. Мұны қазақша «Чың-жій-сы хы-хан ны ху-жа-у-ыр» деп баламалауға болады. Одан қазақшаға дыбыстық аударма жасасақ: «Шыңғыс қағанның қузауыры», яғни, «Шыңғыс қағанның түп-тұқияны» болып шығады. Мұндағы «қузауыр», қузау (тектеу) деген етістіктен келіп шыққан. Айталық, бұл: шымшу – шымшуыр (от қалайтын, қызған затты ұстайтын сайман), сықау – сықауыр (үйші, тезші шеберлердің құралы), т.б. сөздермен ұқсас лингвистикалық тәсіл арқылы жасалған. Ол ана тілінің уызына жарып өскен қазақтың барлығына түсінікті сөз.

Алайда, сіз оны бірде «huja`ur. Қазіргі моңғол тілінде – «h» дыбысы түсіп қалып «uza`ur» (узағур) деп айтылады» деп, енді бірде «Ал «қаузау» деген сөз қазақ тілінде бар» деп талдаған көрінесіз (астын сызған біз, Т. Ә.). Ағасы-ау, түпнұсқаны тастай салып қайда лағып кеткенсіз? Мәтіндегі «忽札兀儿» (ху-жа-у-ыр), қузауыр деген сөздің «узағур» немесе «қаузау» дегендермен қандай қатысы бар? Моңғол тілінде «узағур»  сөзінің болу немесе болмауының бұл арада ешқандай маңызы жоқ. Өйткені, бұл сөз түпнұсқаға жақын емес. Біріншіден, түпнұсқаның басқы дыбысы – «у» емес, «х»; екіншіден, түпнұсқада «ғур» деген буын атымен жоқ. Оны өзіңіз ойдан қосқансыз. Сіздің «лингвистикалық талдауыңыз» біресе түсіп қалып, біресе өсіп шыға келетін, не дәйегі, не тиянағы жоқ – кесірткенің (хамелеонның) құйрығы сияқты қандай бәле?

Енді, «қаузау» дегеніңізге келсек, оның түпнұсқадағы «қузауыр» сөзімен қандай қатысы бар? Жоғарыда айтқанымыздай, «қузауыр» қузау деген етістікке жұрнақ жалғану нәтижесінде қалыптасқан. Ал, «қаузау» қауыз сынды затесім мен сәйкесті жұрнақтың бірігуінен туындаған. Яғни, бұл сөз (қаузау) астықтың дәні мен қауызын бір-бірінен ажырату деген ұғымнан келіп шыққан. Қаржаубай мырза, сізге тағы да айтарым сол – Шыңғысханды моңғол қылу үшін бекер арамтер болып жүрсіз. Тіпті, соған бола осынша қоян бұлтаққа салып, бақай қулыққа барып – ғылыми талдаудан мақсатты түрде қашқалақтап, босқа шаршаудың қазақ текті адам үшін қандай зәрулігі бар еді?! Жоқ, әлде, сіздің ол жақтағы депутаттық мандатыңыз әлі ақырласқан жоқ па?!

Құрыметті оқырман, Қаржаубай мырзаның біздің «Құпия шежіренің құпиясы» атты еңбегімізге жасаған қарсы талдауының сыйқы осындай – іліп алар бір шындығы жоқ. Өйткені, ол кісі қытай тілін мүлде білмейді. Ал, осынау тарихи құжат қытайша, оның үстіне көне қытайша жазылған. Көлемі сонша зор кітапқа ешқандай сауаты жоқ адам қалай ғана лингвистикалық талдау жасамақ. Бұл қылығы – Қаржаубай мырзаның әрқандай құйтұрқылықтан тайынбайтынының ең нақты айғағы болмақ. Әрине, қытай тілін білмеу – ешкімге де айып емес. «Үш тұғырлы тілдің» қатарында қытай тілінің өзі түгіл, көлеңкесі де жоқ. Алайда, оның білмегенді «білемін» деп жұртты алдағаны, оқырманды сыйламағаны – әрі өкінішті, әрі ұятты, қысқасы, ғылымға, білімге жат масқара тірлік деп қараймыз.

Kala men DalaҚаржаубай мырза, сіздің ғалым адамға лайықсыз, үстірт пікір айта беретін нашар әдетке етіңіз әбден үйреніп кеткен секілді. Оған мына бір: «Тек қана 1970-жылдары Бейжінде жарық көрген жаңа қытайша оңтайландырған (жалпыға арналған) иероглифпен берген  мәтінмен жұмыс жасамақ болғансың» - сынды сөзіңіз дәлел. Біз пайдаланған түпнұсқа Бейжіңде емес, Көкхотта, Ішкі Моңғолияның орталығында басылған. Сондай-ақ, онда ешқандай да сіз айтқандай «жаңа қытайша оңтайландырған (жалпыға арналған) иероглифпен берген» мәтін жоқ. Бастан ақыр көне қытайша арқылы, аса күрделі пішік (иероглиф) арқылы берілген. Оның үстіне, «моңғолша баламасы» мен «тұстық аудармасы» оқуға өте ауыр келетін қолжазба түрінде ұсынылған. Тек, «тұтас аудармасы» ғана баспаша түрде теріп басылған. Алайда, ол да ерекше күрделі нұсқа болатын. Біріншіден, бұл көне қытайша пішікпен басылған. Екіншіден, сөзтабының түрленуіне қарай ондағы бірталай пішіктердің қосымша бөліктері (字旁 / зы-паң бөліктері) тау (山), су (氵), жер (土), қол (扌), аяқ (足), металл (钅), т.б. болып үнемі өзгеріп отырады. Тағы бір қиындық, түпнұсқа тілге тән «р» мен «л» дыбыстары мүлде парықтандырып жазылмаған. Тек, пішіктердің тұсына («моңғолша баламада») «舌» (шы / тіл) деген белгі қойып отырылған. Бірақ, ол әдіс те тым жүйелі қолданылмаған. Осылардың барлығынан сырт, зерттеушілер өз тараптарынан қыстырған, мәтінді моңғолшаға күшпен бұрмалаған, ұғымды шатастыратын шартты белгілер мен пішіктер де тым көп. Осылардың барлығынан тысқары, «тұтас аударманың» стилистикасы қазіргі қытайшаға көп реттерде үйлес келе бермейді.  Сондықтан, оны, тек, арнаулы маман болмаса, жай қытай тілді зиялылардың ешбірі дұрыстап оқи да, толықтай түсіне де алмайды.

Демек, Қаржаубай мырза, сіздің «жаңа қытайша оңтайландырған (жалпыға арналған) иероглифпен берген» деген сөзіңіз ешқандай шындыққа жанаспайды. Тек, ұялмастықпен ойдан ойыстырылған өтірік, пендешілікпен жасалған қаралау. Керісінше, «тұтас аударманың» баспа нұсқасындағы күрделі пішіктерді қытай тілінен хабары бар зиялы қауымға түсінікті етіп ғылыми түрде оңайластырған, жаңа қытайшамен компьютер арқылы теріп жазған біз едік. Сондай-ақ, бұл жәйттерді сол кітабымызда анық түсіндіріп жазғамыз. Егер, сіз айтқандай болса, аталған кітаптың «жалпыға арналған» нұсқасы бар болса, мына жұртқа көрсетіңізші. Тіпті, сіздікі шын-ақ болсын делік. Біздің қандай түпнұсқамен жұмыс істегенімізді «Құпия шежіренің құпиясы» сынды аталмыш кітабымыздың өзі де анық айғақтап тұр ғой. Осынша суайттыққа, жалақорлыққа баруға сізді қандай күш итермеледі екен, ә?!

Үшбу «Құпия шежіренің құпиясы» - біздің ұзақ жылғы қажырлы еңбегіміздің, жүйелі ғылыми ізденісіміздің жемісі. Атап өткеніміздей, оны танып оқу үшін маманда, ең әуелі, иероглифтің көне, күрделі түрін және қылқаламмен жазылған қолжазба нұсқасын тани алатындай эпиграфикалық білім болуы керек. Онан соң, кемінде екі түрік тілін және көне түрік жазбаларын білетін лингвистикалық даярлық қажет (Түпнұсқаны зерттеуде түрік тілдерін білу өте маңызды екенін Ішкі Моңғолия ғалымдары да мойындаған. Әрі олар мұндағы түркизмнің басым орында екенін де атап көрсеткен). Әрине, тарихи білімнің болуы – басты шарт. Әсіресе, этнографиялық, соның ішінде қазақ шежіресі мен этнолингвистикасы жөнінде жақсы білім алған маман болуға тиісті. Айлар, жылдар бойы тырысып үйрену арқылы осы шарттарды әзірлеуге құлшындық. Ең соңында, моңғол тілінен шамалы сауатты болғанның артықтығы жоқ еді. Өйткені, мұндағы сөздер келсін-келмесін моңғолшаға бұрмаланған. Әттегенайы – сол, моңғол тілін білу жағы бізде жоқ болды. Алайда, оның орнын дарынды лингвис ғалым Бұқат Базылханұлының «Қазақша-моңғолша сөздігі» белгілі деңгейде толтырды (Ұланбатыр – 1977). Бұдан сырт, «Моңғолша-қытайша сөздік» (新蒙汉词典) қатарлы құралдардың да зор көмегі тиді («Шаңу йіншугуән» баспасы, Бейжің, 2002). Міне, осындай алғышарттарды әзірлеу арқылы біз «Құпия шежіренің құпиясы» атты көлемді еңбегімізді жазып шықтық. Бұл қарсаңда талданған әрбір сөздің бет санын ескертуді былай қойғанда, тұрған орнын, координатын анық көрсетіп отырдық. Біз солай істеуді, нақтылықты – ғылым жолындағы, оқырман алдындағы бұлтартпас міндетіміз деп білдік. Сол еңбегіміз далаға кетпепті, аталмыш кітабымыз оқырманның сұранысына сай қазақша үш қайтара және орысшаға аударылып бір рет басылып шықты. Осы және басқа еңбектеріме жоғарыдағы ҚР ҰҒА Президенті, академик Мұрат Жұрынов мырзадан сырт, Марал Ысқақбайұлы, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қойшығара Салғараұлы, Уәлихан Қалижан, Шәміл Әбілтай, Қабдеш Жүмәділов, Шерияздан Елеукенов, Наурыз Қылышбаев, Дәулетбек Байтұрсын, Төреғали Тәшенов, т.б. қазақтың біртуар, білікті азаматтары жоғары бағаларын берді, ізгі тілектерін білдірді. Яғни, біздің еңбегіміз құзырлы орындардан да, зиялы қауымнан да оң баға алды. Сол үшін рахметімізді және шүкіршілігімізді білдіреміз.

Тек, Қаржаубай мырза, сіз ғана біздің еңбекті түбегейлі жоққа шығаруға тырысып, қарадай шаршап жүрсіз. «Қарадай шаршап» дейтінім, сізде дәйекпен сөйлерлік білім, білім-ғылымға құрмет етерлік дарын, өзгені қойғанда, өзіңізді сыйларлық дағды жоқ сияқты. Бізді ойдан термин жасады деп жазғырыпсыз. Бірақ, оныңыз толықтай негізсіз айыптау. Бұл тарихи құжаттың ғылымға белгілі түпнұсқасы қытай тілінде болғандықтан, ол туралы осы тілдегі терминдер негіз етілсе, бұл – ақылға ең қонымды шешім болмақ. Біз де осы ғылыми ұстанымды басшылыққа алдық. Айталық, «总译» (зұң-ій) дегенді «тұтас аударма», «旁译» (паң-ій) дегенді «тұстық аударма» деп аудардық. Бұлар түпнұсқаны зерттеген Ішкі Моңғолия ғалымдары қалыптастырған терминдер. Әрине, оның қазақша аудармасын жасаған біз. Өйткені, не елімізде, не шетелде болсын, осы тарихи құжатты бізше толық аударған және оған жан-жақтылы талдау жасаған қазақ тілді маман болған емес. Сондықтан, біздің ұлт тарихы үшін тыңға түрен салуымызға тура келді. Жоғарыдағы және басқа да білімді, ардақты азаматтар мен азаматшалардың біз туралы Қазақтың ең басты гәзеттеріне мақала жазып қолдау көрсетіп жатқандары содан ғой. Барлығына Алладан абырой, халықтан құрмет нәсіп болсын!

Әрі жоғарыда аттары аталған және одан басқа да тұлғалардың көбісі қазақ немесе қазақстандық болғанынан басқа, Қаржаубай мырза айтқан «Жәркентпен» ешбір қатысы жоқ кісілер. Соған қоса, бәрі де бізді бұрын еш уақытта танымайтын адамдар болатын. Ол заңды да. Біз ҚХР Алтайдағы Қаба аунының тумасымыз. Әкем мархұм Әбенай Тыныбайұлы да бұл жақтың қазағына аты таныс кісі емес-тін. Алақанынан мүйізгек кетпеген еңбекші, қара табан малшы еді. Бірақ, дінше де, жаңаша да өз заманының ең сауатты кісілерінің бірі болған. Одан сырт, ауыл мен ауданға аты шыққан білгір шежіреші еді. Біздің тарихқа қызығуымызға сол кісінің игі ықпалы болды. Қытайда ұлттық саясат дұрысталғанда, өткен ғасырдың 80 жылдарында, ауыл мешітінде бірнеше мың жамағатқа имамдық етті. Сексеннен аса жас жасап, ешкімнің ақысын жемей, халқына сыйлы күйінде өмірден озды. Біз де сол кісінің жолын қуып таза еңбекпен, қазақ тарихы үшін бір кісілік үлес қосайық деген ізгі ниетпен жүрміз.

Сіз аталмыш мақалаңызда: «2010 жылы мені іздеп Тілеубай деген  азамат келді. Таныса келе білдім, сенің інің екен. «Ағам мені Сізге жіберді. Жазбаларымды әзірше сынға ала бермесінші» деген сәлеміңді жеткізіп, сенің «Шыныңа көш тарих, Шыңғысхан кім?», «Құпия шежіресінің құпиясы» деген кітабыңды маған сыйға тартты. «Сірә, менен күдіктенген болар. Кішілік танытып алдыма келіп отыр ғой» деген ниетпен інің мен өзіңнің сағыңды сындырмайын деп ойлап, мен де кісілік танытып, ағалық ақыл-кеңесімді бердім» - депсіз. Мұныңызды былайғы жұрт шын екен деп қалар-ау. Біз – қайткен күнде де Шыңғысхан туралы бірнеше зерттеу еңбектің авторымыз. Сөйте тұрып, ол тақырыптан бейхабар, Шыңғысхан туралы бір бет қағаз жазып көрмеген адамнан – Қаржаубай мырза, мына сізден қалайша күдіктенбекпіз. Інімнің, Тілеубай Базарбекұлының сізге кезіккені 2013-жылы ғой. Мен Қойшығара Салғараұлы сынды абыз ағамызға соңғы шыққан кітаптарымды беріп жібергем. Сонда сіз екі қолтығыңызға біздің екі кітапты («Құпия шажіренің құпиясы» және «Түгел тауарихтың түбінде не жатыр») қысқан күйі келе қалыпсыз, яғни, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тілеубаймен бұйрықша ұшырасып қалғансыз. Сосын, оған түйеден түскендей, ағаңның кітаптары олай да бұлай екен. Мен оны сөйтіпте-бүйтіп жіберемін деген сыңайда орғи сөйлепсіз. Оны сол майдандағы адамдар тегіс естіп тұрған екен. Сосын, Тілеубай жай ғана: «Жаза алсаңыз, жазғаныңыз-ақ дұрыс болар еді. Сыннан ешкімнің хандығы тайып кетпейді, қайта, ғибырат болады» - депті. Сәлден кейін алғашқы әуеніңізді өзгертіп, «Құпия шежіренің құпиясын» меңзей: «Бұл кітапқа жоғары ғылыми атағы бар біреудің қолы керек» - депсіз. Ал, Тілеубай: «Бұл – атаққұмар кітап емес. Бірақ, сол атақ түбінде осы кітапты өзі іздеп табады» - депті де, өз шаруасымен кете беріпті. Қаржаубай мырза, өтірікшілік пен білімділіктің арасында теңдік белгісі жоқ екенін әлі білмейсіз бе?

Сіздің «сынға алу...» дегеніңіз – жиын-той сайын айтып жұрттың құлағын тоздырған біз туралы ғайбатыңыз болар? Оныңызды еш уақытта елемеймін де және сіз туралы несие сөз айтып ұят қылық жасамаймын да. Өйткені, желексіз адамға ұсақ сөз жараспайды. Бізді де, өзгені де ойландыратыны – сіздің біліп не білмей қазақ тарихына жасап жүрген қиянатыңыз. «Ескермеген дау жаман» демекші, мұндай ұлтқа жат ұшқары пікірлер – ұлттық идеологияны бүлдіретін іріткіге айналып кетуі мүмкін?! Сіз бұрын Қазақ хандарының атасын – Шыңғысханды моңғол деуші едіңіз. Осы жолы, әлгі «эколог-милиция» екеуіңіз тұтас қазақты моңғол дедіңіздер. Одан жақсы әріптес табылса, тағы не деріңізді бір Құдайдың өзі білсін?!

Қаржаубай мырза, сіз: «Мақалаңның құнын көтеру үшін Шыңғысхан проблемасын айта отырып Абайды, Қазтуғанды, Сұлтанмахмұтты, Мағжан, Әлкей, Қаныштардың атын қосып тұздықтап отырыпсың. Бұлардың Шыңғыс проблемасына қандай қатысы бар деген сұрақ туады» - деген көрінесіз. Біріншіден, ол кісілер «тұздық» емес, қайта, олардың барлығы – ұлттың ақыл-ойы, ар-ұяты. Сіздің «Бұлардың Шыңғыс проблемасына қандай қатысы бар деген сұрақ туады» дегеніңіз де, сауатты кісіге тән сөз болмай шыққан. Аталған бабаларымыз Шыңғысханды түрік, қазақ деп таныған екен, демек, шындық – солай. Сіз моңғол азаматтарын атағанда, үнемі атақтарын, беделдерін дәріптеп, көрнектілендіріп отыруды ешқашан ұмытпайсыз. Ал, қазақтың осынау ұлыларын «бұлар», «тұздық» деп жеңіл-желпі сипаттай салғаныңыздан да ұлт тарихына ерте бастан-ақ жүрді-барды қарайтыныңызды аңғаруға болады. Қазақ ғылымының қарашаңырағы туралы: «Онсыз да белін алдырып ауыр қалде тұрған Қазақстан Ғылым Академиясы...» - деп барынша төмендете жазғансыз. Сонда, ҚР ҰҒА-ның қадірі сіз үшін әлгі «эколог-милиция» құрлы болмағаны ма? Олай дейтініміз, оның әрбір сөзін ақиқатқа балап жалаулатқаныңызды оқырман әлі ұмытқан жоқ.  

Қаржаубай мырза, сіз моңғолдан басқа шетелдіктерді де көтермелеп, мұндағы жұрттың басына шығара сөйлеуге тым әуессіз. Олар туралы: «...көне мәтіндерді шемішкедей шағып, азуын айға білеген бірнеше ондаған, деректанушылар сенің ойлағаныңды ойлай алмады дейсің бе?» - деп әспеттеп, аптыға марапат жаудырғаныңыз да тым түсінікті қылық емес. Сонда, олардың «данышпандығы», сіздің жаныңызға жаққан тұсы – ұлы Шыңғысханды түріктен, қазақтан тартып алып, жат халыққа, моңғол ұлтына бергені ме? Оның үстіне, сөз қолданысыңыз да филология ғылымдарының докторына лайық емес. Мына «шемішкедей шағып» деген жаргонның қай жеріне қызықтыңыз. Қазақтың пісте, шекілдеуік деген төл атауларын білмегеніңіз де кісіні тіксіндіреді. Ұлы тұлғаларға, тарихқа, тілге менсінбей қарау – жақсы әдет емес. Оның үстіне, бұл – шын мәніндегі ғалымға тән тіпті де мінез емес.  

Сіздің ол заманда Іле болмаған, ол заманда қазақ болмаған деген сарындағы пікіріңіз де – тарих ғылымдарының кандидатына, яғни, сол атаққа лайық адамға тән емес. Біз Іле, Жете топонимдерін ойдан тапқамыз жоқ. «Құпия шежіренің» түпмәтініндегі «额列惕» (Ы-ле-тій), «只惕» (Жы-тій) деген топонимдерді Ілеті, Жете деп аудармау мүмкін емес. Тіпті, олардан бұдан өзгеше дыбыстық аударма жасау – ғылымға істелген қиянат болар еді. Өнен бойындағы Құлжа, Нарат, Шаты, Текелі, Бұрқан, Түрген, Жәркент, Қарқара, Шарын, Қапшағай, т.б. деген жер-су аттарына қарап оны Іле демеу мүмкін бе? Әлде, «Қаржаубай мырза ренжіп қалады екен» деп басқаша істеуіміз, тарихи деректі теріс түсіндіруіміз керек пе еді? Ал, сіз ондай тарихи құжаттық дәйектерден бейхабарлығыңызға қарамастан бізді жазғырасыз, «алаяқ» дейсіз. Сонда, сізше болғанда, қазақ тарихы үшін шындықты айтып шырылдау – алаяқтық бола ма? Керісінше, адал адам – қазақты моңғол деп қаралаған кісі ме? «Пәлсапаңыз» қызық екен?!

Енді қазақ этнониміне келсек, Шыңғысхан өмірге келмей тұрғанда «қазақ арба» (қазақ терген) деген атау бар еді. Егер, қазақ жоқ болса, ол атау қайдан шықты. Ол – ол ма, сонау Вавилон заманында да Қазақия (Хазақия) деген атау болған. Қазақ болмаса, бұл тарихи атау қалай қалыптасты. Сіз Рәшид ад-Диннің Шыңғысханды «Жалайыр руы» тарауынан таратқанын, осы арыстың құрамында төре, төлеңгіт атты рулардың болғанын білмейтін шығарсыз. Ал, «Құпия шежіреде» Шыңғысханның шыққан руы «дөрө», яғни, төре деп аталғанынан да мүлде хабарсыз екеніңізде дау жоқ. Сондай-ақ, онда «Жалайырдың тәйжігіт (тайшығұт) руы» деген дерек бар екенін білмейтініңіз де сөзсіз. Тіпті, «Алтын шежіреде» Шыңғысханның туысы Жамұха «Жалайыр Жамұха» деп аталғанынан да бейхабарсыз-ау шамасы. Осының барлығы нақтылы тарихи құжаттық деректер. Егер, бұлардың бәрін білмесеңіз, онда Шыңғысхан тарихына жармасып әуре болмаңыз.

Қаржаубай мырза, сіз жалайыр, алшын деген түрки этнонимдерге неге шүйліктіңіз? Жалайыр туралы жоғарыда аз аялдадық. Енді, алшын туралы қысқаша тоқталайық. «Жәмиғ ат-тауарихта» алшы-татар, әсілі, алшын-татар деп аталатыны туралы анық дерек бар. Ал, жалпы тарихи деректерді сүзіп, зерделеп қарағанда, ежелгі татар құрамында: дөйт, тана, таз, тіпті, байұлы, әлімұлы деген рулардың болғанын аңғарамыз. Ендеше, тарихтағы татарды – алшын, яғни, қазақтың кіші жүзі демей, моңғол десек дұрыс болмақ па? Ал, «阿史那» (А-шы-на) деген тарихи этнонимді АЛШЫН деп аударуыма да, бір жағынан, олардың дыбыстық жақындығы, екінші жағынан, осы тарихи дәйектер негіз болды. Оған несін шала бүлінесіз. Азар болса, моңғолмен дәмдес болған шығарсыз. Алайда, жалайыр мен алшын бауырыңыз ғой – көзіңіздің ағы мен қарасы ғой! Жоқ, сіз үшін олай емес пе? Әлде, біз қателесіп отырмыз ба?!

Қаржаубай мырза, сіз өткенде жыр дарыған киелі Нарынқол туралы жаңылыс сөйлеген едіңіз. Сонда, тіліңізді «кәлимаға келтірген» біз едік. Бұл жолы құт дарыған Жаркент туралы: «Онсыз да белін алдырып ауыр қалде тұрған Қазақстан Ғылым Академиясының беделін осыншама төмендетіп «Жаркент академиясының» деңгейіне түсіргеніңіз қандай үлкен трагедия» - деп күңіреніпсіз. «Жаман сөз ауыз садағасы» деген, Жаркентте академия ашылса, сіздің басыңызға қайғы түсетіндей, сонша не көрінді. Сары алтындай жүгерінің отаны, Батыс Европа-Батыс Қытай көлік жолының жүрегі болған Жаркентке ондай жақсылықты қимайтындай, осынау қасиетті мекеннен не жамандық көріп едіңіз? Әлде, Бұрқан мен Түрген сонда болғандықтан, өзіңізге депутаттық мандат берген елдің намысы үшін жүрегіңізге мұз байланып жүр ме? Қазақтың еліне Шыңғысханды, жеріне жақсылықты қимасаңыз, сонда, сіз – кімсіз?      

Қаржаубай мырза, біздің сізге жақпайтын «алаяқтығымыз», «әдепсіздігіміз» мұнымен шектелмейді. Біз Шыңғысханға қатысты тарихи құжаттарда арғын, шанышқылы, сіргелі, уақ, т.б. арыстардың бар екенін де дәлелдедік. Қоңыратты ежелгі Ғұн ұлысының мұрагері дедік. Соның кесірінен сіз сүйген халықтың беделіне көлеңке түсті, ал, қазақ халқының мерейі өсті. Көне түркі жазуы – кіші жүз жазуы, көне ұйғыр жазуы – ұлы жүз жазуы, көне қытай жазуы – орта жүз жазуы деген пікірді де біз ортаға қойдық. Онымен тынбай, оған көптеген иланымды дәйектер келтірдік. Бұл – бұл ма, тарихтағы қият ұғымы дәуірлік және мәндік жақтан үш жікке бөлінетінін ашалап көрсеттік. Жалайырды өз ішіне алған көптеген түрки арыстардың ертедегі қиятқа жататынын дәлелдедік. Ал, бүгінгі қият руы Шыңғысханның атасы Қабыл ханнан тарайтынын, текті атадан шыққанын ортаға қойдық. Ең соңында, «Есукей қиян» деген атау ру емес, тек қана науғы (титул) екенін ашып түсіндірдік. Соның салдарынан, Шыңғысханның тегі сіз ойлағандай болмай қалды, моңғол емес болып шықты. Керісінше, Шыңғысханның қият – жалайыр – төре екені дәлелденді. Яғни, ұлы Шыңғысханның тегі түрік, қаны қазақ екен. Мұхамед Қайдар, Қадырғали бастаған, Абай, Шәкерім қостаған, Әлікей, Қаныш жалғастырған әз бабалардың тарихи танымы дұрыс деп табылды. Біз соны сенімді құжаттық дәйектер арқылы жұрттың есіне қайта салдық. Демек, сіздің бізді «алаяқ», «әдепсіз», «білімсіз» деп жазғырған «кандидаттық», «докторлық» сөгісіңіздің тамыры тым тереңде жатыр.

Қаржаубай мырза, сіз: «Әрі Көк Түрікке таласып тұрған басқа түркі халықтарын көрмедім», Шыңғысханды моңғолға берейік те, өзіміз Көк Түрікпен оңаша қалайық деген сынды «ұсыныс» айтасыз. Мынауыңыз – жанашырлық па, алдамшылық па?! Шыңғысханды аламайымен ойып алып моңғолға ұсына салсаңыз, сонда бізді VIII ғасырдағы Көк Түрікпен кім жалғастырады? Бір мың үш жүз жылдық тарихының орнасы жоқ халықты кім сыйлайды? Қаржаубай мырза, айтыңызшы, мына ұсынысыңыз – қазаққа жасалған адалдық па, әлде, арамдық па? Сіз соны есте сақтағайсыз! Қазақ өз тарихын ешкіммен бөлісуге мінтті емес. Өйтіп итпелеген, жымысқылаған «бітімгершілігіңіз» айтылған жерінде қалсын. Түфәй-түфәй, бетін ары қылсын! Бір кісінің татқан дәм-тұзының бодауына бір ұлттың сан ғасырлық тарихын бере салу – әділ сауда емес.        

Қаржаубай мырза, сіз: «Ашығын айтқанда» ток-шоуында телевизиядан сөйлегенде Мухалай деудің орнына «Құбылай» деп жаңылыс жасаппын. Осы қателігім үшін халықтан кешірім сұраймын» - деп, сол жолғы өрескел қателігіңізді мойындапсыз. Оған қоса «сары газеттер» деген ғайбат сөзіңізді де біраз майқандаған көрінесіз. Бәрінен де маңыздысы – «Жошының өзінің баба тегі – түрік» дегеніңіз болып тұр. Егер, бұл айтқаныңыз Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан болса, онда, «баба тегі – түрік» дегеніңіздің ішінде Шыңғысхан да бар екені даусыз. Демек, сіз осы дүдәмәл сөзіңізбен-ақ әуелгі ойыңыздан қайтқаныңызды, шындықты мойындағаныңызды тұспалдап болса да білдіруге тырысқансыз. Осыған қарағанда, біздің «Қала мен дала» газетінің сайтында (2016 ж. 27-ақпан) және «Қазақ әдебиеті» газетінде (2016 ж. 4-наурыз) жариялаған мақаламыз айтарлықтай өнім бергені даусыз. Ал, мына мақалаңыз – жай ғана «Жығылған күреске тоймайды» дегеннің кері ғой. Тақырыбы қарқарадай болса да, мазмұны масқарадай екен. Ешқандай «ғылыми» пікір айтып жарытпағансыз. Мақаланың көлемін ұлғайту, көз алдау үшін онан-мұнан үзіп-жұлып керексіз үзінділерді тықпалай беріпсіз. Кім не айтты, жазылған сөздердің нарқына да бойлап әуре болмағансыз. Онымен қоймай бізге: «жаулар (ол кім?)» - деген сесті сұрақ тастапсыз. Ағасы-ау, соны әлі білмейсіз бе? Жаулар – қазақ халқын қан қақсатқан, тілінен, дінінен айырған отаршыл жүйе ғой. Қаржаубай мырза, кейде сіз өзгені қойып, өзіңіздің не айтып, не қойғаныңызды да білмей қаласыз. Айталық, Домалақ анаға «жөнсал» деген ат жапсырасыз да, артынан ол сөзді кім айтқанын түсінбей дал боласыз. Сонда, «ғылыми жауабыңыздың» сыйқы осы ма? Ғылымның қасиетіне кір келтіріп қайтесіз. Мына балдыр-батпағыңыз ғылымнан садаға кетсін.  

Ағасы, сіз бізге: «...ағаш атқа теріс мінгізетіндей мен саған не қылып едім?» - деп өкпе артыпсыз. Батыс фильмдеріндегі графиняларшылаған, дұрыс атқа теріс мінген өзіңіз ғой. Шыңғысхан тақырыбына өршелене қарсы шықпасаңыз, қазақтың намысына тиер сөз сөйлемесеңіз, біз де құлаш-құлаш мақала жазбас едік. Ал, біле тұрып үнсіз қала берсек, Қазақ тарихы – «Берекесіз арбашының пұлына» айналып кетпей ме? Әрине, әркімнің жеке намысы құнды, бірақ, оны ұлт намысынан жоғары қоюға болмайды. Сіздің жасыңыз бен тәжірибеңіз мұны түсінуге мүмкіндік берер деп үміттенеміз. Біз әдетте өз намысын саудалаған шарасыз әйелдерді масқаралаймыз. Ал, ұлт намысын сату одан да жиренішті қылық болмақ (Бұл сөзіміз сізге діттелмеген, мөрті келген соң жалпылама айтып отырмыз). Ұлтты қорғау, тек, мықтылардың ғана міндеті емес, ол – біз сияқты жай адамдарға да парыз.

P.S.

Құрметті оқырман, сонау XIII ғасырдан тартып XVIII ғасырға дейін Мұсылман және Батыс әлемінде Шыңғысхан мен оның әулеттері туралы алпыс-жетпіс шақты әрі көлемді, әрі сенімді, сондай-ақ, бірінші қолды тарихи еңбектер жазылған екен. Біз қайдағы бір сенімсіз дерек сымақтарға алданбай, сол құнды тарихи құжаттарға жүгінелік. Мүмкіндігіміз болса, соларды қазақ тіліне аударайық. Тек, сөйткенде ғана түрік, жүйеден, қазақ тарихының бағы ашылады.

Келе жатқан «Тәуелсіздіктің 25 жылдық» мерейтойы құтты болсын! Елдігіміз мәңгі болсын!!!

 

                                                                       2016 ж. 6-сәуір, (3), 23:23

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар