Энергетиктерге әуес қазақстандыққа ауыр диагноз қойылды

Көркем Алдабергенова 29 жел. 2025 17:09

Алматыда жүрек трансплантациясынан өткен пациент ауруханадан шығарылды. Бұл – қалада алғаш рет жасалған жүрек ауыстыру отасы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қараша айында Қалалық кардиологиялық орталық базасында 34 жастағы ер адамға жүрек трансплантациясы жасалған. Қазір оның жағдайы тұрақты.

Науқас терминалдық созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен жүрек ауыстыруға арналған республикалық күту парағында тұрған. Донор 50 жастағы әйел болған. Ол ауыр артериялық гипертензиядан зардап шегіп, инсульт алған. ӘйелАлматының орталық қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізілгенімен, дәрігерлер өлімін тіркеп, қайтыс болғаннан кейін донор болуға мүмкіндік барын растаған. Марқұмның туыстары келісім берген соң, донорлық процесс ұйымдастырылған.

Жүрек трансплантациясы бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталған.

Пациент өзінің ауыр жағдайына энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну себеп болғанын айтты.

"Адамдарға энергетик ішпеңіздер деп үндеу жасағым келеді. Менде бәрі дәл осы сусындардан басталды. Алдымен күніне бір бөтелке еді, кейін 8–10 энергетикке дейін жетті. Бұған мән бермедім, ақыры ауыр диагнозға тап болдым. Бүгін мені аман алып қалған – дәрігерлер. Енді денсаулыққа ұқыпты қараудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім", – деді ол.

Ауруханадан шыққан соң пациент тіркелген емханасында бақылауда болады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар