Халықтың қаржысын қымқырғандарды неге қорғаймыз?

Dalanews 10 сәу. 2016 22:41 835

Тіліміз жазықты болмасын. Қазір көпшілікті түсінуден қалып барамыз. Әсіресе әлеуметтік желіде әр нәрсені жазып, өздерін орта сауатты адамдардың қатарына жатқызатындар сау адамның асын ішіп, аурудың әңгімесін айтатын болған. Халықты қанап, мемлекет қаражатын талан-таражға салған әкім мен министрді қызметте жүрген кезінде кінәлаймыз, ал әлгі сабазың жемқорлықпен айыпталып, жауапқа тартылса, «есіл ер әлдебіреулердің... жазықсыз жазғыруымен айыпты болып, абақтыға қамалып барады» деп ұлардай шулап, әлеуметтік желіде желкен керіп, шындыққа қарсы жүзетін әдет таптық.  

 

Беттің арын белге түйген зиялылар

Серік Ахметов, Ерлан Арын, Бауыржан Әбдішев, ағайынды Рысқалиевтер айыпты болып, сот бар кінәсін мойнына қойып бергенде, «олар кланаралық қақтығыстың құрбаны болды» деп ақтауға тырыстық.

Мемлекеттің бір миллиарды тұрмақ, бір теңгесін алсаң да сені ешкім жемқор деген аттан құтқарып қала алмайды.

Бірақ олардың қарапайым халықтың қаржысын жемсауына құя салғанын біле тұра, бұра тартып, бүйректен сирақ шығарып жатамыз. Сонда жемқорлардың қылмыстық істерін әшкерелейтін том-том істерді қайда қоямыз? Бәрін ұмыта салуымыз керек пе? Ал енді мұны ақылға жеңдіріп көріңізші!

Бүгінде әрбір облыс әкімі аймақтағы халыққа сөзі өтетін зиялыларды өзіне жақын ұстап, «төтенше» бір оқиғалар орын алса, солардың аузымен көпшіліктің пікірін манипуляциялайтын әдіс ойлап тапқан. Егер алмағайып жағдай туып, әкімнің ішкен-жегені әшкере болып, істі болса, зиялылар сол мезетте «адвокатқа» айналады.

Әкімнің қолдауымен кітабын шығарып, үй алып, мәшине мінген зиялылар жергілікті және республикалық басылымдарға көлдей-көлдей мақала жазып, қоғамдық қорғаушының міндетін атқаратынын күнделікті өмірден көріп жүрміз.

Олар мақала жазумен шектелмейді. Егер Астана айтқандарына құлақ аспаса, әлеуметтік желіні іске қосып, «жерлесімізге қолдау көрсетейік» деген ұран тастап, тұтас аймақтың адамдарын аяғынан тік тұрғызуға дейін барады. Бұл енді қазіргі зиялылардың сиқы. Мұндай «адвокат» зиялыларды жергілікті және республикалық деңгейде әрекет ететін деп екіге бөлуге болады.

Тұтас аймақ аузына қарап отырған ақсақал «жанын шүберекке түйіп», «жазықсыз» жанға ара түсіп жатқанда кім қарап қалсын, мұндайда жұрт та барын салып әкімге араша түсетіні белгілі. Аймақтық сөзін ұстаған абыз ақсақал ол әкім болып тұрғанда Мәдениет үйін салғанын, жол жөндеп, мәдениет пен руханиятқа қамқоршы болғанын (соңғысын тарқатып айтса әсерлі болады) жіпке тізіп шыққан соң, халыққа істің жайын түсіндірудің өзі қиынға соғады. Дуалы ауыз ақсақал мақтауын асырған мұндай алтын басты нәшендікті қалай қолдамассың?

Сондағы бар аргумент әкімнің кезінде жол жөндеп, руханият пен мәдениетке қолдаушы болғаны. Бұл енді әкімнің облыс, қала басқарғандағы әдепкі міндеті емес пе? Ешбір әкім жол жөндеуге қалтасынан ақша шығармайды ғой. Бұл үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Бірақ мұны жершілдіктің уыты бойын билеген жұртқа айтып, түсіндіру мүмкін емес. Ат төбеліндей топ әкімді қолдап, қорғап, соңынан өздерінің оппозиционер болып кеткенін аңдамай қалады.

 

Руханият жанашыры кім болып шықты?

dalanews 012 (2)Әуел баста Ерлан Арын университет басқарып, орысы көп Керекуде ұлтшылдығымен танылды. Бірақ өз басымыз Ерлан Арынды ұлт үшін отқа түсуге даяр тұлғалардың қатарына жатқызбас едік. Халық үшін ол – қатардағы шенеунік. Университет басқарғанда қазақ руханиятының жанашыры ретінде кейіп танытуы – жұрт алдында өзін «күлшелі бала» ретінде көрсетудің амалы-тұғын.

Президент оны Павлодар облысына әкім қылып тағайындағанда өңірге қазақы реңк берсін деп ойлағаны анық. Бірақ ол ойын Арынның құлағына сыбырлап айтпады. Білдей университет басқарған адам мұны айтқызбай түсінуі тиіс еді. Әйтпесе Ерекеңнің өндіріспен біте қайнасып, инвесторлармен дәмдес-тұздас болған дәнеңесі жоқ. Өндірісі өз бетінше өркендеп жатқан облыс Ерлан Арынның көмегіне мұқтаж емес екенін бәріміз білеміз.

Аймақтың экономикасын «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстап отырған Еуразиялық топқа қыр көрсететіндей амбициясы да жоқ.

Ол бар болғаны Ақордаға арқа сүйеп, Павлодарды біраз қазақыландыруға күш салып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруы тиіс еді.

Амал не, Ерекең қолына билік тиген соң, қазынаның қаржысына көз алартып, аз ғана уақытта абырой-беделден айырылды.

Ал енді Ерекеңді ақтап көр. Бірақ ақтаушылар табылды. Кезінде Ерлан Арыннан қамқорлық көрген Арман Қани бастаған аймақтағы зиялы қауым өкілдері беттің арын белге түйіп, Ерекеңді ақтауға тырысты (Арман Қани: «Біздің үніміз Ақордаға естілер деген сенімдеміз» matritca.kz). Бірақ сот барысында бәрі дәлелденіп, экс-әкімнің өзі Мемлекет басшысынан кешірім сұрағаннан кейін «адвокат» зиялылар үнсіз қалды.

Осылайша Ерекең өз миссиясын дұрыс атқармай, сенімге селкеу түсірді.  Сенімді ақтамағаны үшін Кәрім Мәсімовтен арнайы «сәлемдемені» алғанын да естідік. Оны дабырайтып айтып жатқымыз жоқ.

 

Құдаларға айта алмаған әңгіме

dalanews 012 (4)Өткен жылы жазда Серік Ахметов бастаған Қарағанды облысының шенеуніктері істі болып жатқанда өндірісті өңірге құдалыққа бардық. Басқосуда кезінде аймақтық деңгейде жауапты қызмет атқарған ақсақалдар алқа қотан отырып, аты шулы істі сөз қылды. Сонда бір кісі «билік албандар мен арғындарды шетінен қылтасын қиып келеді» деп өз ойын айтты. Оның сөзіне жұрттың бәрі бас шұлғып, қостады. Қыз алып отырғаннан кейін қарсы сөз айтып, дауласып жатуды жөн көрмедік. Оның үстінде сот та аяқталмаған еді. Сондықтан үнсіз қалдық.

Міне, содан бері жыл аунап түсті. Айып тағылып, істі болған Секең бастаған серілердің кінәсін сот орындары мойындарына қойып берді. Әдеттегідей Ахметов Мемлекет басшысынан «жаздым, жаңылдым» деп кешірім сұрап та үлгерді. Бұл аз десеңіз, экс-премьер қателігін (шындығында, таза экономикалық қылмыс) мойындағаннан кейін оның туыстары мемлекет қазынасына 2,2 млрд. теңгені қайтарып берді.

Бірақ Президент оның сөзіне жібіген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ахметовтің сөзін назарға алмағаны дұрыс болды. Қашанғы кешіреді. Олар «екілік» алып, ата-анасынан кешірім сұрап құтылатын мектеп оқушысы ма? Жауапкершілік деген болу керек қой.

Біздің шенеуніктер Президенттен бұрын Алла мен Халықтан неге кешірім сұрамайды? Жаратқаннан қорықпайтын, халықты көзге ілмейтін мұндай адамдар Президентке де опа бермесі анық. Сондықтан Назарбаев оны кешірмеген шығар.

Ахметов ісі сотта қаралғанда Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев әлдене деп журналистерге өзінің кінәсіздігін айтқаны есімізде. Оның бұл әрекеті кейбір журналистердің аяушылық сезімін оятқаны белгілі. Содан кейін Баукеңді қолдайтын постардан әлеуметтік желіде аяқ алып жүре алмай қалдық.

Мемлекеттік саясатты насихаттайтын басылымда жұмыс істейтін бір сезімтал әріптесіміз Бауыржан Әбдішевтің суға кетіп бара жатып тал қармағандай болған әрекетін назарға алып, өзінің ішкі түйсігі оның кінәсіз екенін айтатынын желідегі парақшасына айшықтап жазғанын көзіміз шалды. Ал газет бетінде соттың қалай болғанын сезімсіз суық ақылмен жазып шығыпты. Бұлай екі сөйлейтін журналистер өзінің екі түрлі жазбасымен жұртты екіұдай пікірге қалдыратыны  жасырын емес. Ең дұрысы, сезімтал әріптесіміз ресми ақпаратпен шектелуі керек еді.

Бүгінде Ахметов ісімен айыпталған лауазымды тұлғалардың кінәлары толықтай дәлелденді. Керек десеңіз, Секеңнің өзі қыруар ақшаны мемлекетке қайтарып беретін болды. Енді Ахметовті кінәсіз, сүттен ақ, судан таза деп көріңіз. Бірақ әлеуметтік желіні сүзіп шықсаңыз, ішкі түйсігіне сүйеніп, Ахметовті айыпты санамайтын адамдар әлі де бар.

Ал жерлестерін жауға бермейтін қарағандылық құдаларға «сот Ахметовтің кінәсін мойнына қойып беріпті ғой» десеңіз, құдалықты бұзып, қыздарын алып кетуден тайынбайды. Сондықтан құдаларға бұл жайында ләм-лим деген жоқпыз.

 

Әкімнен пұт жасау

dalanews 012 (3)«Қала мен Дала» газетінің өткен санына Бергей Рысқалиевқа қатысты мақала жарық көрді. Мақала негізінен ағайынды Рысқалиевтар бұл дүниеде бар-жоғына қатысты болған еді. Арасында Бергей Рысқалиев сыбайластарымен мемлекет қазынасына қаншама шығын келтіргенін айтылған-ды. Осы бір сөзіміз Бергейді жамандыққа қимайтын Атыраудың бір аңғал тұрғынының шымбайына батып кетсек керек. Оқырман: «Бергейдің Атырауға жасаған жақсылығын білгің келсе, облыс орталығына кел» деп әлеуметтік желі арқылы сәлем айтып жіберіпті.

Біздің Бергей Рысқалиевты аяқтан шалып, сыртынан ғайбат сөз айту мақсатымыз емес. Иә, мойындаймыз. Атырауда Бергейді қолдайтын, оны жақсы әкім болды деп есептейтін жүздеген, тіпті мыңдаған адам бар.

Жалпы, кез келген әкім халықтың тұрмысын түзеп, аймақтың экономикалық ахуалын өркендету – басты міндеті. Көпір салып, жол жөндеген әкімді қолдан пұт жасаудың еш қажеті жоқ. Бұл – оның жауапкершілігіндегі шаруа. Жұрт әкімнің жарнамасымен айналыспауы керек. Бұл қызметті атқаратын әкімнің баспасөз хатшылары бар. Солардың шаруасы.

Еліміз бойынша мұнайдың отаны – Атырау халқының төмен тұрмыс кешпеуге еш қақысы жоқ. Атынан ат үркетін ірі мұнай компанияларының бәрі Атырау облысында мұнай өндіріп жатыр. Мұнай компаниялары халықпен санасып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз үлесін қосуы тиіс.

Бұл ретте облыс әкімдері инвесторлар алдында табандылық танытып, өз талабын қоя білуі тиіс.

Біздер «Бергей Рысқалиев мұнай компанияларымен халық мүддесін көздеп күресіпті» деген әңгімені естіген жоқпыз. Егер ол осындай батыл қадамдарға барған болса, республикаға танымал саясаткер болар еді. Сондықтан біздер Бергейді халықшыл әкім болды деп айта алмаймыз. Ал оның әкім болып тұрғанда кезінде Атырау облысында атқарылған шаруаларды алға тартып, Бергейді қайраткерлердің қатарына қосудың жөні жоқ.

Егер ол шынымен «Атырау халқының табанына батқан шөге, маңдайыма батсын» деп еңбек еткен тұлға болса,  оны тұтас Қазақстан қорғап, қолпаштайтын еді.

 

Жәнібеков сияқты басшы керек!

Қазір қазақ қоғамы ұлт мүддесіне жұмыс істейтін басшыға сусап отыр. Қайраткер басшы қандай болуы керек? Алдымен оның болмыс-бітімін ашып алсақ. Біздің ұғымымызша, елге қызмет етуді көксейтін қайраткер басшы – Өзбекәлі Жәнібековтей болуы керек шығар. Ал салыстырып көріңіз, қай басшы Жәнібековке ұқсайды. Ешқайсысы. Бәрінің тілі шұбар, ойлағаны ақша. Жасық.

Ел үшін жанын қиған Алаш ардақтыларындай басшылар шоғыры қашан қалыптасады? 30-40 жылсыз ондай басшыларды көру мүмкін емес сияқты. Сондықтан алдағы күнге үміт артып, болашақ ұрпаққа сенім артудан басқа амал жоқ.

Н.ӘУБӘКІР.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар