Қарашаның соңында сейсмикалық белсенділік байқалады - маман жер сілкінісіне байланысты пікір білдірді

Қарашаның соңында сейсмикалық белсенділік байқалады - маман жер сілкінісіне байланысты пікір білдірді
Коллаж: Dalanews.kz
5 қарашада Алматыда 3 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл жағдай тұрғындардың үрейін алып, жер сілкінісіне дайындық мәселесін қайта көтерді. Осыған байланысты Халықаралық ақпараттық технологиялар у...

5 қарашада Алматыда 3 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл жағдай тұрғындардың үрейін алып, жер сілкінісіне дайындық мәселесін қайта көтерді. Осыған байланысты Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) PhD докторы және Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртас жер сілкінісі қаупін бағалап, алдағы уақытта болуы мүмкін сейсмикалық белсенділікті болжау үшін арнайы зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Наурыздағы ескерту және қарашаға болжам

Наурыз айында Марат Нұртастың Dalanews.kz агенттігіне берген сұқбаты қоғамда кеңінен талқыланды. Ғалым халықты көктем және күз айларында ерекше сақ болуға шақырған еді. Оның деректеріне сәйкес, наурыз және қараша айлары қауіпті кезең екені ескертілді.

Қарашаға арналған ғылыми талдау нәтижесі

Күні кеше ғалым қараша айына арналған зерттеу жүргізгенін хабарлады. Ол  мұны жүзеге асыру кезінде нейрондық желілер негізінде жасалған гибридті модельдерді қолданған.

Жер сілкінісін болжауға арналған гибридті модельдер тарихи деректерді, мәселен, бұрынғы жер сілкіністерінің уақыты, орны, магнитудасы сияқты көрсеткіштерді талдайды. Нейрондық желі осы деректер негізінде қайталанатын заңдылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл заңдылықтар жер сілкінісінің қай уақытта және қаншалықты күшті болатынын болжауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар гибридті модельдерге басқа да статистикалық әдістер қосылып, болжаудың дәлдігін арттырады. Жер сілкінісінің нақты күні мен сағатын болжау қиын болғанымен, гибридті модельдер көмегімен айдың белгілі бір кезеңінде немесе апта ішінде қауіптілік деңгейін алдын ала білуге болады.

Жер сілкінісін болжауда Марат Нұртас арнайы Жасанды Интеллект (ЖИ) моделін қолданған.


Айтуынша, алғашқы екі график гибридті модельді оқыту процесін көрсетеді және оның нақты деректермен қаншалықты сәйкес келетінін бейнелейді.

“Бұл графиктерде тестілік нақты мәндер мен тестілік болжамды мәндердің салыстырмалы көрсеткіші берілген. Модель Орталық Азия деректеріне негізделіп оқытылып, тестілік үлгіде бағаланған.”, - дейді ғалым.

Осы тестілеу нәтижесінде келесі бағалау көрсеткіштері есептелген.

“Орташа квадраттық қателік (MSE) – 0.686. Бұл көрсеткіш болжамдардың нақтылығын анықтайды. Неғұрлым кіші мән болса, соғұрлым болжам дәлірек.

Орташа абсолютті қателік (MAE) – 0.511. Бұл модельдің болжам қатесінің орташа деңгейін көрсетеді.

Huber Loss – 0.276. Бұл көрсеткіш қателіктерді есептеу барысында нақты мәліметтерге жақын болғанын көрсетеді.

Медианалық абсолютті қателік: 0.305. Бұл мән болжамның көбі 0.305 шегінде екенін көрсетеді”, - дейді ол.

Ғалымның айтуынша, нәтижелерге сәйкес айдың соңына қарай жер сілкінісі қайта күшеюі мүмкін.



“Жер сілкінісінің болжамын жасау үшін Алматы қаласынан 250 км радиусты аумақ алынды. Бұл аймақта болашақтағы сейсмикалық белсенділіктің өзгерістері туралы мәліметтер жасалды. Зерттеулерге сәйкес, қарашаның соңында сейсмикалық белсенділік күшейіп, айдың соңына қарай жер сілкінісі қайталануы мүмкін”, - дейді Марат Нұртас.

Осы тұста ол тұрғындарды сақ болуға шақырды.

“6 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Алматы маңындағы аймақ үшін сейсмикалық белсенділіктің өсуі күтіледі. Графиктен қараша айының соңына қарай жер сілкінісінің магнитудасы артуы мүмкін екенін байқауға болады. Осы тұста Алматы және оған жақын аймақтардағы тұрғындар дайындық шараларын күшейткені жөн”, - деп қосты ол.

Еске салайық, кеше алматылықтар жер сілкінісін сезді. 

ҚР ТЖМ "СБЗҰҒО" ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 5 қарашада Астана уақыты бойынша 10.00 минут 30 секундта жер сілкінісі тіркелді. 

"Жер сілкінісінің координаттары:  43.261 с.е. 77.310 ш.б. Жер сілкінісі ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 км. жерде орналасқан", - деп жазылған хабарламада.

Есептік қарқындылығы:

  • Алматы қаласы 3 б. 
  • Талғар 4 б. 
  • Есік 4 б.
  • Түрген 3.0 б. 
  • Өтеген-Батыр 3 б. 
  • Боралдай 2 б. с.
  • Маловодное  2б. 
  • Ж. Қайыпов 2 б. 
  • Алатау (Жетіген) 2 б.
  • Қарасай (Қаскелең) 2 б.

Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам:

  1. Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
  2. Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақпен қолданбаңыз;
  3. Жиhаздан, терезеден, ары тұрыңыз; 
  4. Жасырынатын жерді табыңыз - жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында орын алып жасырыңыз; 
  5. Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); - көп қабатты үйлерде жер сілкіс аяқталған соң ғимараттан шығыңыз;
  6. Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;
  7. Дабыл жол сандығын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
  8. Электр желілерден , ғимарат, ағаштардан  аулақ болыңыз;
  9. Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
  10.  Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.