Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік сала, әйелдің қоғамдағы рөлі мен көпбалалы әйелдердің жағдайы туралы сөз қозғалды.
«Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеген көпбалалы аналар қоғамға, жастарға үлгі болу керек. Көпбалалы ана болу – нағыз ерлік. Бүгінгі кездесуге келген ақтөбелік әйелдер қауымы осының жарқын үлгісі бола алады. Олардың белсенділік танытып жүргені қуантады. Ел игілігі үшін әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дұрыс бағытта дамыту, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасындағы бала тәрбиесі әйелдердің басты назарында екені белгілі болды. Өзім көпбалалы ана ретінде әйел-ана, қазақ қызы ұлт айнасына айналу керек деп санаймын», - деп атап өтті Қарақат Әбден.
Жиналған әйелдер қауымы бала тәрбиесіндегі тіл мәселесінің өзектілігін де тілге тиек етті.
«Әйел адам отбасында да, іскерлік бағытта да жетістікке жету үшін жан-жақты болып, іздену керек, өзін дамыту керек екендігін түсіндім. Қарақат Әбден бүгін бізге үлкен мотивация берді», - деп бөлісті Ақтөбе қаласының Іскер әйелдер кеңесінің жастар қанаты төрайымы Майра Сауырбаева.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ұлытау облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.