"Қарапайым жұмысты министрлік қиындатып жіберді". Депутат РОП мәселесін көтерді

Сағыныш Сардарова 23 сәу. 2025 14:51 240

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, РОП мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат осы бағытта мынадай дерек келтірді: сарапшылар 2050 жылға қарай жер бетіндегі қоқыстың көлемі 3,4 миллиард тоннаға жетеді деп дабыл қағып отыр екен.

"Бұл жерде біздің үлес те аз емес. Себебі Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу басы бар, аяғы жоқ әрекет болып тұр. Салдарынан көлемі көпқабатты үймен бірдей қоқыс полигондары қаптап жатыр. Ресми полигонға қоқыс тастау қымбат деп қалдықтарды елдің көзінен тасаға апарып төгіп тастайтындарды да көзіміз көрді. Бұл қоршаған орта мен адам денсаулығына орасан зиян екені айтпаса да түсінікті", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы қатты тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратуға кәдімгідей ақша керек екенін, ал қаржыландыруды көбейту үшін, тарифті қымбаттатпау үшін Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) механизмі іске қосылғанын, яғни РОП барын айтты.

"Бұл өте қарапайым жүйе, былай жұмыс істеуі керек еді: қоршаған ортаны ластаушы компаниялар қалдықтарды жинайтын, қайта өңдейтін орталықтарға атқарған қызметі үшін тиісті қаржыны төлейді. Болды. Бұл жүйе қатесіз жұмыс істеу үшін "Жасыл Даму" мемлекеттік компаниясы оператор ретінде құрылды. Түсінікті әрі қарапайым механизм. Бірақ қарапайым қарекетті Экология министрлігі қиындатып жіберді. Яки қоқысты өңдеумен айналысатын компаниялар  атқарған жұмысы үшін өздеріне тиесілі ақшаны тікелей ала алмай қалды. Себебі ол төлемді "Жасыл Даму" ұлттық компаниясы 3 пайыздық несие түрінде "Өнеркәсіпті дамыту қоры" арқылы беруді ұйғарған. Бұған 200 миллиард теңге көзделіпті", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қоқыс өңдеген компания атқарған жұмысы үшін өзіне тиесілі қаржыны қордан несие түрінде алуға мәжбүр, демек министрлік қоқыс өңдеушілердің өздеріне тиесілі қаражатты 3 пайыздық кредит ретінде беріп отыр.

"Мұны қалай түсінуге болады? Қордың өзіне де сұрақ көп. Біріншіден, Экологиялық кодекске сәйкес ( 388-бап, 1-тармақ, 15-тармақша) Өнеркәсіпті дамыту қоры тек қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіп секторындағы жобаларды қаржыландыра алады. Демек қалдықты жинаумен, сұрыптаумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар қордың қаражатына қол жеткізе алмайды. Сәйкесінше олар күндердің күнінде тарифтерді көтеруді талап етеді. Ол кезде салмақ баяғы тұтынушыға түседі. Министрлік салаға салған осы салмақты жеңілдетпесе, өңірлерде қоқысты сұрыптау жұмысы сол күйі басталмайды, сәйкесінше таудай қоқыс полигондары жыл санап көбейе береді деген сөз", - деді ол.

Депутат мынадай ұсыныстар көтеріп отыр:

  • РОП-қа утильдік төлемдерді төлеу тетігін қайта қарау қажет;
  • Кімге тікелей төлем, кімге несие берілетінін нақты ажырату қажет. Мемлекет басшысы тапсырғандай, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" серпінді жобаларды несиелендіруі керек. Ал қоқысты өңдегендер өз еңбекақысын несие ретінде емес "Жасыл даму"-дан тікелей төлем ретінде алуы шарт;
  • РОП утилизациялық төлемнен түскен ақшаны қоқысты жинайтын, тасымалдайтын, сұрыптайтын ұжымдарға да беруі қажет. Себебі ең ауыр жұмысты атқаратын - солар.
  • Өңірлердегі қоқыс полигондарын азайтудың, өз міндетін дұрыс атқармаған компанияларға санкция салудың тетіктерін қарастыру керек.
  • Уәкілетті орган жүйелі жұмыс жасаймын десе, салалық қауымдастықпен бірлесіп, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің келісілген тұжырымдамасын қабылдауы керек. Содан кейін барлық нормативтік-құқықтық актіні осы тұжырымдамаға сәйкестендіру қажет.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоқысты қайта өңдеу жоспарын орындай алмаған өңірлерді атады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 4,5 миллион тоннадан аса коммуналдық қалдық жиналады.

"2024 жылы олардың қайта өңделу деңгейі 25,8 пайыз болды, ал жоспар 30 пайыз болатын. 20 өңірдің ішінде 7 өңір белгіленген көрсеткішке жете алмады", – деді Нысанбаев.

Министр 20 өңірдің ішінде жеті өңір қайта өңдеу деңгейіне жете алмағанын мәлімдеді.

"Ең төмен көрсеткіш мына өңірлерде байқалады: Ұлытау – 12 пайыз, Алматы – 7,3 пайыз, Маңғыстау облысы – 5,5 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысы – 5 пайыз және Шымкент – 3,5 пайыз", – деді Нысанбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар