Белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Едіге Закарин қайтыс болды. Қаралы хабарды Ионосфера институтының ұжымы жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Институт әкімшілігінің мәліметінше, Едіге Асқарұлы Закарин 2 маусым күні 87 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған сырқаттан кейін дүниеден өткен.
"Институт қызметкері, техника ғылымдарының докторы, профессор Закарин Едіге Асқарұлының өмірден озғанын терең қайғымен хабарлаймыз. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА Ғарыштық зерттеулер институтының негізін қалаушылардың бірі. Оның көпжылдық ғылыми және педагогикалық қызметі отандық ғылымның дамуына зор үлес қосты", – делінген институт хабарламасында.
Едіге Закарин Қазақстандағы ғарыштық зерттеулер, геоинформатика және Жерді қашықтықтан зондтау салаларының дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдардың бірі болды. Оның жетекшілігімен геоинформатика және Жерді қашықтықтан зондтау бағытында ғылыми мектеп қалыптасты.
Сондай-ақ ғалым елімізде геоақпараттық модельдеу сияқты жаңа ғылыми бағыттың орнығуына және дамуына елеулі еңбек сіңірді.
Едіге Асқарұлымен қоштасу рәсімі 2026 жылғы 4 маусым күні сағат 10:00-де Алматы қаласы, Қалқаман ықшам ауданы, 4а к2 мекенжайында, №1 қалалық клиникалық аурухананың қарсы бетінде өтеді.