Қарағұсова: «Бізге арнайы үй салу қажет, қартайғанда балалардың өміріне араласпай, сол жаққа барамыз»

Dalanews 31 қаң. 2020 11:47 847

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова әріптестеріне қартайғанда тұратын кооператив салуды ұсынды. Ол бұл идеясын аз қамтылған отбасыларға қолдау шараларын талқылау кезінде айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мәжілісмен Кеңес Абсатиров Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілінен әлеуметтік көмек көрсету барысында көпбалалы отбасының табысына ата-әжелердің зейнеті қосыла ма деп сұраған. Айта кетейік, бұл мемлекеттік жәрдемақының мөлшеріне әсер етеді.

– Зейнетті табыс ретінде есептесек, неге өмір бойы балаларын сүйреп жүрген қарттар енді немерелерін сүйреуге міндетті болуы керек? – деді депутат.


Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қолданыстағы заңнамаға сай үй қожайындарының табыстары есептелетінін айтты.

– Егер жақын туыстары бірге тұрып жатса, бәрінің де табысы есепке алынады. Жақын туыстары деп «Неке және ерлі-зайыптылық кодексіне» енетін адамдарды айтамыз, олар – әжелер, аталар, бауырлар, әпке-сіңлілер, күйеуі, әйелі мен балалары, – деді Жақыпова.

«Демек, оларды үйден қууға мәжбүр етесіздер ме?» деп сұрады Абсатиров.

Ал Гүлжан Қарағұсова бұл мәселе бойынша өз пікірін қосты:

– Қуып қайтеміз? Бізге арнайы үй салу қажет, қартайғанда балалардың өміріне кедергі жасамай, сол жаққа барамыз. Бұл қарттар үйі емес. Бұл жеке кооперативтер болады. Бірнеше жыл өтсін, Татьяна Михайловна (қаржы вице-министрі Савельева - авт.) мен Татьяна Ивановнамен (Мәжіліс депутаты Яковлева - авт.) бірге сондай үй саламыз да, балаларға кедергі келтірмес үшін, сол жақта өз табысымызбен өмір сүруге кетеміз, – деп депутаттар мәз болысты.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар