Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
видео кадры

Қарағанды облысында бірнеше ай бойы мал ұрлаған топ ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нұра ауданында криминалдық полиция қызметкерлері ауылдастарының төрт түлігін жүйелі түрде қолды еткен күдіктілер тобын ұстады. Тергеу мәліметіне сәйкес, олар наурыз айынан бастап ұйымдасқан түрде мал ұрлығымен айналысып келген. Бірнеше ай ішінде кемінде бес қылмыстық эпизод жасап, өңір тұрғындарының 14 ірі қарасы мен 24 қойын қолды еткен.

Күдіктілердің қылмыстық әрекеті Қарағанды облысы полиция департаменті Нұра аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әшкереленді. Ұсталғандардың барлығы Нұра ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғындары екені анықталды. Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізді. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін тауып, заңды иелеріне қайтарды.

Атап айтқанда, жеті сиыр мен үш қой иелеріне табысталды. Қалған малдың Ақмола облысы мен Астана қаласының аумағында сатылып кеткені анықталды. Қазіргі уақытта оларды іздеу және заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар полицейлер ұсталғандардың Нұра ауданында және көршілес өңірлерде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бірнеше ай бойы ауыл тұрғындарын алаңдатқан мал ұрлығының жолы кесіліп, ұрланған малды заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.