Қарағандыдағы 46 кеншінің қазасы: жәбірленушілер моральдық өтемақы талап етті

Қарағандыдағы 46 кеншінің қазасы: жәбірленушілер моральдық өтемақы талап етті
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан 46 адам қаза тапқан атышулы оқиға бойынша өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тарап айыпталушылардан моральдық шығын өнд...

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан 46 адам қаза тапқан атышулы оқиға бойынша өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тарап айыпталушылардан моральдық шығын өндіріп беруді сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот қаулысында: “Аталған қылмыстық іс бойынша айыпталушыларды азаматтық жауапкер ретінде тану” туралы жазылған.

Бірқатар жәбірленуші моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап-арыздар түсірген. Талап етілген сома ондаған миллион теңгені құрайды. Сот бұл азаматтарды азаматтық талапкер деп таныды.

Сонымен қатар моральдық өтемақы өндіруді сұраған жәбірленушілердің бірі айыпталушылардың мүлкіне арест қоюды сұрады. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады. Себебі талапкер сот шешімін мәжбүрлеп орындатуға кедергі келуі мүмкін нақты дәлелдер келтірмеген.

Іс бойынша сотқа шахта әкімшілігі мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам тартылған. Олардың барлығына ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі (“Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда бірнеше адамның өліміне алып келу”) бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Айыпталушылар тергеу изоляторында. Сот процесі Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданының №61 түзету мекемесінде өтіп жатыр. Істі аудандық сот судьясы Бахтияр Аканов қарап жатыр.

Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылған. Қаза тапқан шахтерлердің туыстары бұған дейін тек шахта басшылығын ғана емес, бүкіл компанияны – бұрынғы “АрселорМиттал Теміртау” АҚ-ны да жауапқа тартуды талап еткен болатын.

Еске сала кетейік, бұл қылмыстық іс 2024 жылы 18 ақпанда сотқа жолданды. Айыпталушылардың адвокаттары қылмыстық қудалауды тоқтатып, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш білдірген.

Тергеу мәліметінше, қайғылы жағдайға себеп болған – тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы. Ресми дерек бойынша, көмір шаңының шекті нормадан бірнеше есе артық концентрациясы жарылысқа себеп болған.

Айта кетейік, 2023 жылы 28 қазанға қараған түні Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 шахтер көз жұмды, 28 адам түрлі жарақат алды. Бұл – миллиардер Лакшми Миттал иелік еткен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының соңғы 30 жыл ішіндегі ең ірі апаты болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан билігі компанияға иелік ететін инвесторды ауыстыру туралы шешім қабылдаған.