Қарағанды облысында Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазір өңірде 6 соғыс ардагері тұрады. Олардың бесеуі Қарағанды қаласында, біреуі Осакаровка кентінде тұрады. Әр ардагерге 5 млн теңгеден беріледі.
Өңірдегі тыл еңбеккерлерінің саны – 2029 адам. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден төленеді.
Сондай-ақ концлагерь тұтқындары мен қоршаудағы Ленинград тұрғындарына 200 мың теңгеден қарастырылған. Бұл санатта 33 адам бар.
Ал қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен жұбайларына 50 мың теңгеден төленеді. Бұл көмекті 89 адам алады.
Материалдық көмек сәуір-мамыр айларында аударылады. Бұдан бөлек, ардагерлерге шипажай-курорттық ем қабылдауға да қолдау көрсетіледі.
