Қарағандыда балалар мекемесінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаған топ әшкере болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
8 қаңтарда Қарағанды қаласында Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері прокуратурамен өзара іс-қимыл барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.
Жедел іс-шаралар барысында өңірдегі балаларға арналған мекемелердің бірінің тәрбиеленушілері қылмыскерлердің құрбаны болғаны анықталды.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, кейінгі жарты жыл ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден жалпы сомасы 10 миллион теңгеден аса қаражатты иемденген.
"Оларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ, микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілерден атыс қаруына арналған жүзден аса оқ-дәрі тәркіленді. Бұл дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін", - деді полиция.
