Қарағанды облысында пойыз басып кеткен бесінші қызметкердің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Қарағанды облысында жүк пойызы «ҚТЖ» жол бригадасын қағып кетіп, төрт қызметкердің оқиға орнында қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін бірқатар дереккөздер ауыр жарақат алған бесінші қызметкердің ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді.
Алайда «Қазақстан темір жолы» бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Компанияның хабарлауынша, бесінші қызметкердің қайтыс болғаны туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.
«Оқиға салдарынан үш қызметкер өміріне қауіп төндірмейтін жарақат алған. Олар қабырға мен қол сүйегінің сынуы диагнозымен медициналық көмек алып, қазіргі уақытта еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен емделіп жатыр», – делінген ҚТЖ-ның ресми жауабында.
Компания өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен қызметкерлердің жағдайы тұрақты, қалпына келу кезеңінен өтуде.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар апаттың нақты себептерін анықтауда.
