QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауов компаниядағы бұрынғы басшылықтың, оның ішінде Қайрат Шәріпбаевтың атымен байланыстырылған ықтимал көлеңкелі схемалар туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистер Жамауовтан бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Шәріпбаев қызметінен кеткеннен кейін анықталған қаржылық заңбұзушылықтар мен делдалдық схемалар жөнінде сұрады.
Сұрақ барысында бұрынғы QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов атаған шамамен 937 млрд теңге туралы да айтылды. Алайда Әлібек Жамауов 2022 жылғы оқиғаларға егжей-тегжейлі пікір білдіре алмайтынын жеткізді.
«2022 жылы нақты не болғанын толық білмеймін. Барлық қажетті шараларды құқық қорғау органдары жүргізді. QazaqGaz-қа қайтарылуы тиіс дүниенің бәрі қайтарылды. Компанияға көптеген актив қайта оралды. Сондықтан бұл мәселемен тиісті мемлекеттік органдар айналысады деп есептеймін», – деді ол.
Одан кейін журналистер қазіргі уақытта QazaqGaz-та Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар құрылымдармен байланысты көлеңкелі схемалар сақталған-сақталмағанын нақтылады.
Әлібек Жамауов мұндай схемалардың қазір жоқ екенін растады.