Қақаған аязда Семей қаласының орталық бөлігінде жылу жүйесінде ірі апат орын алып, мыңдаған тұрғын уақытша жылусыз қалды. Габбасов атындағы қазандыққа тиесілі жылу желісіндегі магистральдық құбыр жарылып, көптеген үйлердің батареялары суып кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға 17 қаңтар күні кешкі уақытта Беспаев көшесінде болған. Апат салдарынан шамамен екі мың абонент жылудан ажыратылды. Олардың қатарында тұрғын үйлермен бірге мектептер мен медициналық мекемелер де бар. Сырттағы ауа температурасы төмендей түскен шақта қала тұрғындары суық пәтерлерде отыруға мәжбүр болды.
Апат орнына жедел түрде авариялық бригадалар мен арнайы техника жұмылдырылды. Зақымданған аумақ тек екі сағаттан кейін ғана оқшауланып, содан соң жылу беру кезең-кезеңімен қалпына келтіріле бастады. Алдымен бірқатар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берілді.
Жылу жүйесінің жұмысы толықтай тек түнгі сағат үштер шамасында ғана қалпына келтірілді.
