Тәуелсіздік... жаңа буын
«Несібеңді артық етсе, Тәңір етті». Осы сөзді оқыған сайын жастайынан биікке ұмтылған және өзі ойлаған жетістіктерге қиналмай жеткен жандар туралы ойлайсың. Дүние шіркін, қалай құбылса да, өзінің несібесін еселеп, өзгеге де қамқор болған азаматтардың артықшылығы, икемділігі, бәсекеге қабілеттілігі білініп тұрады.
Тәуелсіздік талай адамның бағын ашты. Иә, екінің бірі бұрылыс кезеңіне, саяси режимнің соқпағына, нарық заманының қатал заңына ілесе алмай, жолортада бұралаңдағандар да көп болды. Әсіресе, билік жүйесіндегі күн сайын жаңарған өзгерістерге таңырқай һәм тосырқай қарағандар бірте-бірте жас буынға орын берді. Ал «ескі гвардияның» көбі айналасына жастарды жинап, солардың жаңа идеясы арқылы өз жұмысын жандандырды. Қазір санап көріңіз, министрлердің көбі жаңа буынның – Тәуелсіздіктен кейін билікке келген буынның өкілдері. Тіпті, облыс әкімдерінің орынбасарларының дені жастардан құралған. Бұл табиғи құбылыс десек те, саяси жүйенің неғұрлым тезірек жаңаруы аса маңызды екенін уақыт көрсетті. Биліктегі бюрократияны жойса, соңғы буын, осы жастар жояр деген сенімнің оты әлі өше қойған жоқ... Алдыңғы буынның сірескен тәртібін орынбасарлары өздеріне жұқтырып алмасына кім кепіл?! Бұл да күдіктің бірі.
Алайда, солардың ішінен суырылып шығып, ел ісіне ерте араласқан Нұрлан Қаппаровты білетіндер ол қашан да ақкөңіл, бюрократиядан алыс жан еді дейді. Өзі басқарған кез келген істі соңына дейін тындырмай, тиянақтамай, қызметкерлерінің сөзін құлақ қойып тыңдап, оңды шешім шығармай, көңілі жай таппайтын басшы болғанын айтатындар көп. Осы қасиеті оны көпшілдікке, шынайылыққа пейілді етті. Кез келген саланы басқарса да, жанына мақтан сүйер және мақтағанды жан сүйер жылпостарды емес, шын іскерді, кәсіби мамандарды жинай білді. Жас басшының жебеуімен, үйретуімен қанаттанып, бұл күндері бірегей мекемелерді басқарып жүргендер қаншама? Олардың көбі өндіріс, экономика, энергетика саласын басқарып, елдің дамуына өз үлестерін қосуда.
Ғұмырдария – биік мақсат
Қаппаровтың өмірбаяны тек жетістіктерден құралған. Алматыда қарапайым отбасында дүниеге келген ол алғашқылардың бірі болып Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебін бітіріп, батыстық білімді алған жастардың көшін бастады. Инженер-экономист, мемлекеттік басқару магистрі атанған оның басқару қабілеті жастайынан байқалды. Небәрі 22 жаста өзі «Акцент» компаниясын құрды. Бұдан соң «ҚазТрансОйл», «Қазақойл», энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, «Қазинвестбанк» директорлар кеңесінің төрағасы, Қоршаған орта министрі қызметтерін атқарды. Әрбір қызметінде өзінің халық үшін жұмыс атқаратынын дәлелдей білді. Оның қызмет жолы экономикалық салаға негізделгенімен, тәуелсіздік тұсындағы ең негізгі мәселелерге араласты. Әсіресе, сырттан инвестиция тартуға бар күшін жұмсап, көпвекторлы экономикалық байланысты нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланды. «ҚазТрансОйл», «Қазақойл» компанияларын басқара жүріп, мұнай-газ секторындағы шетелдік ықпалдастықты тереңдетті әрі қазақ экономикасының мұнайға тәуелді екенін ескеріп, жас мемлекеттің барынша сауатты қадам жасауына өзіндік үлесін қосты.
Ол осы компанияларды басқарған жылдар Батыс, Ресей, Қытай арасындағы теңдікті, біржақтылы тәуелді болмауды көп ойластырғанын сала мамандары айтады. Демек, сауатты менеджер ретінде қазақ мүддесін батыл қорғады деуге болады.
Баю үшін не істеуге болады?
Ол билікте қызмет атқарғанымен, өзінің де табысын қорғай білген санаулы азаматтың бірі. Иә, министрлік қызметтегілердің бәрінің қалтасы жұқа емес. Дегенмен, өз мүддесі үшін халықтың қалтасына қол сұғатын сұғанақ пиғылдан ада ғұмыр кешті. Ол билікке баю үшін емес, байлығын еселеу үшін де емес, өз тәжірибесінің арқасында келді. Батыстық принцип бойынша бай болмасаңыз, билікке келу қиын. Өйткені, аш құрсақтар ардан аттауға үйір. Қазір шенді-шекпендінің көбі темір торға қамалып, қызметтен де, абыройдан да айырылып қап жатады. Өйткені, оларда байығысы, алдыңғы лекке қосылғысы келеді. Ол үшін не істеуге болады? Іскерлігі жоқ болса, халық қазынасына қол сұғады. Тендер – май шелпек. Есебін жапса, пара алса, жалған компания ашса, соған саналуының өзі мұң қаржыны аударса... Мұндай кәсіппен бір рет шұғылданған адам, екінші жолы тағы қайталайды. Бірте-бірте кәдуілгі кәсіп қылады. Ақыры... Ал Қаппаров ол топқа кірмейді. Себебі, ол 22 жасында-ақ жеке компания құрып, өз ісін бастай білген. Нарықтық жүйенің қыр-сырын жетік білгендіктен, қайта құру мен жекешелендіру кезінде дайынға ұмтылмай, бизнеспен айналысқан. Ол бұл ісін жыл өткен сайын жандандырды. Соның арқасынада Қазақстандағы 50 байдың қатарына енді.
Қысқаша айтқанда, оның іскерлігі билікке керек болды және мұндай мүмкіндікті оңымен пайдаланып, өзі үшін де, ел үшін де қызмет атқарды.
Айталық, Қаппаров Қоршаған орта министрі болып тұрған кезінде ресейлік «Протон» жерімізге құлады. Бүкіл әлеуметтік желі, БАҚ табанды түрде Ресейден өтемақы талап етті. Министр Қаппаровтың бүгежектемей, жалтармай, Ресейден қомақты қаржы төлеуді қолқалағаны сол кез... Әттең, ол бұл арманына жетпеді. Жеткізбеді. Өйткені, көп өтпей «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясына ауысып кетті.
Кімге көмектесер едіңіз?
Егер Сізде ақша болса және билік болса, кімге көмектесер едіңіз? Туысыңызға. Түсінікті. Жақын-жұрағатыңызға. Ол да түсінікті. Ал одан да зор мүмкіндігіңіз болса ше? Кедей-кепшікке, жоқ-жітікке ме? Әрине. Солай етуге болады. Қайырымды кімге жасасаң да артықтық етпейді. Ал Қаппаров негізінен жастарға, жас болғанда да білімге құштар балаларға көмектесті. Алматыдағы дарынды балаларға, шетелде оқығысы келетіндерге, өзгеше ойлау қабілеті бар жастарға бар көмегін жасады. Бұл туралы академик Асқар Жұмаділдаев Нұрлан Қаппаровты жерлеу рәсімінде барша жұртшылық алдында айтты. Біз білетін математик көп адамға көңіл үшін мадақ айтпайтын кісі. Демек, Қаппаров туралы жақсы білгендіктен, оның көмегі арқылы білім алған шәкірттері болғандықтан өз пікірін білдірді. Бұл да Қаппаров әлемінің бір бөлшегі. Оның жақсылығын көрген жастар әлі-ақ елге оралып, ел дамуына үлес қосады деген ойдамыз.
Жұмбақ өлім
Қаппаров Бейжіңде жұмбақ жағдайда қаза болды. Оның сыры әлі ашылған жоқ. Бәлкім, ұзақ уақыт кетер... Білетіндер, Ресейлік тыңшылар ажал құштырды дейді. Тіпті, шетел ақпараты да бұл туралы жария етті. «Қазатомөндіріс» компаниясын Школьник басқарып тұрғанда ресейліктердің үлес-салмағы артып, кірістің дені солардың қолына түскенін де айтып жүр. Қаппаров соған қарсы болды әрі Мұхтар Жәкішев бастаған істі ары жалғастыруға ниет етті деген сыбыс бар. Мұхтар Жәкішев болса уран өндірісін Жапониямен бірлесіп игеруге талпынғандықтан, ресейліктердің арандатуымен түрмеге түскенін газет-журналдар талай мәрте жазған еді. Егер сол ақпараттарға сүйенер болсақ, Қаппаров өлімінде бізге беймәлім жұмбақ жату мүмкін. Тағы бір дерек көздері Бейжіңде аяқ астынан қаза болған оны тексертпестен, бірден сүйегін елге әкеліп, асығыс жерлегенін айтады...
Бұл – біз білмейтін ойын. Саяси ойын. Бір қорқатынымыз, мұндай ойындардың құрбандары көбеймесе екен...
Қаппаров – феномен. Ол жаңаның басы бола білді. 45 жастық ғұмырында талай биікті бағындырып үлгерді. Үлгермеген істері тіптен көп...