2025-2026 оқу жылында "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры "Қазақстан халқына" ҚҚ Білім беру гранттары" қайырымдылық бағдарламасы аясында талапкерлерге жоғары оқу орындарында оқуға 500 білім беру грантын бөлді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бағдарлама шарты негізінде білім беру грантына мынадай санаттағы талапкерлер үміткер бола алады:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жарақат алған балалар.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.
Білім беру гранты бір реттік тәртіппен атаулы грант негізінде ұсынылады. Бұл грант жоғары білімі бар тұлғаларға, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен "бакалавр" дәрежесін алу үшін мемлекеттік білім беру гранты тағайындалған тұлғаларға екінші жоғары білім алуға және онлайн-оқуға берілмейді.
Грант тағайындалатын үміткерлердің тізімін ЖЖОКБҰ/Филиал ағымдағы күнтізбелік жылы ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша оқуға түсу үшін қажетті шекті балын жинаған (оның ішінде шығармашылық емтихандарды ескере отырып) талапкерлер қатарынан құрайды. Тізім жоғары оқу орнының немесе Филиалдың конкурстық комиссиясы отырысының хаттамасы түрінде рәсімделеді.
ЖОО тізімі, грант саны және іске асыру жоспары бойынша толық мағлұматпен «Қазақстан халқына» ҚҚ ресми сайтында qazaqstanhalqyna.kz таныса аласыздар.