Үкімет халықпен жылы сөйлесе бастады - сарапшы

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 16:13

Сарапшы Айбар Олжаев бүгін үкіметте өткен брифинке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің қандай жұмыс атқарылып жатқаны, болашақта қандай жұмыстар жүргізілетіні жайлы брифинг өткізіп, қоғамға хабарлап тұру бүгін қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл қоғаммен диалогтың жарқын көрінісі, жақсы қадам.

Қош, бүгін Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр және оның бақылауындағы ведомство министрлері еліміздің өндіріс, инфрақұрылым, энергетика мен инвестициялық саясат бағыттары бойынша брифинг өткізіп, бірқатар маңызды мәліметтерді жариялады.

Сонымен биылғы алғашқы жартыжылдықта өнеркәсіп өндірісінде өсім байқалды. Жалпы көлемі 28 трлн теңгеге жуықтаса, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13 трлн теңгеден астам өнім өндірген. Әсіресе, машина жасау, химия, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндірісі сынды салаларда оң серпін бар.

Түрлі жобалар бойынша да даму жоқ емес. Жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге бағаланған 190 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Қазірдің өзінде 47 жоба жүзеге асып, бірнеше мың жұмыс орны құрылған.

Сонымен қатар автожолдарды жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, жалпы ұзындығы 12 мың шақырымды қамтыған жұмыстардың негізгі бөлігі биыл аяқталуы тиіс. Авиация саласында Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі өңірлерінде жаңа әуежайлар салына бастады. Бұл өңірлік даму мен ішкі туризм үшін маңызды қадам.

Тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде 7,9 млн шаршы метрі салынған. Үкімет қолжетімді баспанамен қамту жөніндегі тапсырмаларды жүйелі жүзеге асырып жатыр деп сенімді айта аламыз.

Бұл тек жарты жыл ішінде атқарылған істер. Үкіметтің ел экономикасы үшін нақты қозғалысы қарымды, ал алдағы жоспарлары мықты. Жалпы бағыт жаман емес. Үкіметтің әр қадамы еліміздің инфрақұрылымдық, энергетикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі. Ендігі міндет – осы қарқыннан жаңылмай, әр бастаманың халыққа шынайы пайдасын жеткізу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар