Автокөлік әкелу ережелері: Қазақстанда жеке және коммерциялық импорт ажыратылды

Автокөлік әкелу ережелері: Қазақстанда жеке және коммерциялық импорт ажыратылды
atameken.kz

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында автокөлік құралдарын әкелу және ресімдеу мәселелері бойынша сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жиынға «Атамекен» ҰКП, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция, Экология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері және салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.

Кездесу барысында нарық қатысушыларына автокөліктерді жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін, кәсіпкерлердің оларды кейіннен өткізу мақсатында әкелу тәртібі, сондай-ақ кедендік ресімдеу, көлік құралдарының электрондық паспорттары, кәдеге жарату төлемі, техникалық реттеу және мемлекеттік тіркеу талаптары түсіндірілді.

Автокөліктер әкелуге қойылатын негізгі талаптардың бұған дейін де қолданыста болғаны атап өтілді. Жүргізіліп жатқан жұмыс рәсімдерді ретке келтірумен және өзара байланысты нормативтік құқықтық актілерді бір-біріне сәйкестендіруге бағытталған.

Жеке және коммерциялық мақсатта әкелу

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті автомокөліктерді кедендік ресімдеу тәртібін түсіндірді.

Көлік құралын жеке тұлға жеке пайдалану үшін әкелген кезде жолаушылардың кедендік декларациясы қолданылады. Кедендік төлемдер ЕАЭО заңнамасында белгіленген бірыңғай мөлшерлемелер бойынша төленеді.

Үш жылдан аспайтын автомобильдер үшін тарифтер көлік құралының құнына, үш жылдан асқан автокөліктер үшін қозғалтқыштың жұмыс көлемі мен автомобильдің шығарылған жылына байланысты белгіленеді.

Егер көлік құралы кәсіпкерлік қызмет аясында жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға тарапынан әкелінсе, тауарларға арналған декларация қолданылады. Бұл жағдайда кедендік алым, әкелу кедендік бажы, ҚҚС, сондай-ақ жекелеген санаттағы автокөліктер үшін акциз (қозғалтқыш көлемі 3 000 см³-тен асатын жеңіл автомобильдер үшін) төленеді.

Осылайша, көліктерді рәсімдеу тәртібі оны әкелу мақсатына, яғни жеке пайдалану үшін немесе коммерциялық қызмет үшін әкелінуіне қарай айқындалады.

Экологиялық сыныпқа қойылатын талаптар

Көлік министрлігі жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін әкелетін жекелеген көлік құралдарының экологиялық сыныбына қойылатын талаптарды ұсынды.

Қазақстан аумағында алғаш рет айналымға шығарылатын автомобильдердің зауыттан шығарылғанына бес жылдан аспауы және Еуро-5 немесе одан жоғары экологиялық сыныпқа сәйкес келуі тиіс екендігі атап өтілді.

Бұл ретте аталған талапты импортталатын көлік құралдарын Қазақстанда пайдалануға бастапқы рұқсат беру кезінде ғана қолдану көзделеді. Бұрын елде тіркелген автомобильдерге ол қолданылмайды.

Бұл шаралар автомобиль паркін кеззең-кезеңімен жаңартуға және ескірген көлік құралдарын елге әкелуді шектеуге бағытталған.

КҚЭП-ны ресімдеу тәртібі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеке тұлғалардың көлік құралдарының электрондық паспорттарын ресімдеу тәртібін түсіндірді.

КҚЭП-ны ресімдеу кезінде автомобильдің меншік иесі туралы мәліметтерді жолаушылардың кедендік декларациясында көрсетілген декларант туралы деректермен салыстыру көзделген.

Жеке тұлғаларға арналған КҚЭП шығарылған жылынан бастап бес жылдан аспайтын көлік құралдарына ресімделеді. Сондай-ақ электрондық паспорттар жүйесінде шектеу көзделген, оған сәйкес бір жеке тұлға бір жыл ішінде бір ғана көлік құралын әкелуге құқылы.

Жеке пайдалануға арналған автокөлікті әкелу кезінде жеке тұлға белгіленген тәртіпке сәйкес КҚЭП ресімдеу үшін сынақ зертханасына жүгінеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, рәсімдердің реті келесідей: көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті ресімдеу, содан кейін кәдеге жарату төлемін жасау және алғашқы тіркеуге ақы төлеу, кедендік ресімдеу және одан кейін автокөлікті мемлекеттік тіркеу.

КҚЭП ресімдеу тәртібін жетілдіру автомобильдерді әкелудің ашықтығын арттыруға, техникалық реттеу талаптарын сақтауға және автокөлік паркін жаңартуға бағытталған.

Кәдеге жарату төлемі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерді орындау тәртібін түсіндірді.

Кездесу барысында атап өтілгендей, кәдеге жарату төлемін енгізу тетігі түбегейлі өзгерген жоқ. Импорттаушы операторға өтінім береді, құжаттар қаралғаннан кейін төлем мөлшері есептеледі, шот-фактура жасалады, ал төлем жасалғаннан кейін тиісті сертификат беріледі.

Кәдеге жарату төлемінің мөлшері де өзгерген жоқ.

Бұл ретте 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар үшін автокөлікті еркін айналымға шығарар алдында, яғни кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін кәдеге жарату төлемінің енгізілгені туралы сертификат алу талабы белгіленді.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін бұл міндеттемені орындау мерзімі де өзгерген жоқ: сертификатты көлік құралын алғашқы тіркеуге дейін, ал автомобиль одан бұрын сатылған жағдайда — оны сатқанға дейін алу қажет.

Осылайша, жеке тұлғалар үшін бұл, ең алдымен, рәсімдерден өту реттілігін ретке келтіруге қатысты.

Ашық импорт – сатып алушыны қорғау

Қазақстандық автомобиль одағының өкілдері ашық емес схемалар арқылы әкелінген автомобильдерді сатып алушылардың алдында тұрған тәуекелдерге назар аударды. ҚАО-ның ақпаратына сәйкес, азаматтар автокөлікті сатып алғаннан кейін оның бұған дейін іздеуде болғанын немесе күмәнді тарихы бар екенін анықтаған жағдайлар да кездеседі. Нәтижесінде көлік иесі автокөлікке толық көлемде пайдаланып, билік ете алмайды, оның ішінде несиені өтеу үшін оны сата алмайды.

Сатып алушы үшін баға ғана емес, сонымен қатар көліктің шығу тегін, тарихын және заңдық тұрғыдан тазалығын алдын ала тексеру мүмкіндігі де маңызды. Мұндай тексерудің қолжетімді құралдарын адам қандай көлік құралын алатынын және қандай тәуекелдерді қабылдайтынын түсінуі үшін дамыту қажет.

ҚАО өкілдерінің пікірінше, елдегі автомобиль паркін жаңарту маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бүгінде жалпы саны шамамен 5,6 млн автомобильдің 44%-ға жуығы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Қазақстанның Автомобиль одағы азаматтардың жаңа, қауіпсіз әрі экологиялық таза автокөліктерге ауысуын жеңілдететін жағдайлар жасау қажет деп санайды.

Бұл ретте отандық автомобиль өнеркәсібінің дамуы да нарықтағы ұсыныстың кеңеюіне ықпал етуде: жеңіл автомобильдер, автобустар мен арнайы техникалар өндірісі артып, модельдер қатары көбейіп, өндірісті локализациялау және автокомпоненттер шығару бағыттары дамып келеді.

Қолданыстағы рәсімдерді ретке келтіру

Талқылау барысында автокөліктерді әкелу мәселелері өзара байланысты бірнеше рәсімді қамтитыны атап өтілді: көлік құралының техникалық талаптарға сәйкестігі, кәдеге жарату төлемін төлеу, кедендік рәсімдеу, көлік құралының электрондық паспортын (КҚЭП) алу және мемлекеттік тіркеу.

Қазіргі уақытта тиісті нормалар бірыңғай әрі бірізді жүйеге келтірілуде. Бұл жұмыс өнеркәсіп, экология, техникалық реттеу, көлік және көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу салаларындағы нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.

Бұл ретте базалық саралау сақталады: жеке тұлғалар белгіленген тәртіппен жеке пайдалануға арналған автомобильдерді әкелуге құқылы, ал көлік құралдарын коммерциялық әкелу және кейіннен өткізу кәсіпкерлік қызмет үшін көзделген талаптар шеңберінде жүзеге асырылады.