Трамп жасанды интеллект атауын “суперинтеллект” деп өзгертуді тапсырды

Трамп жасанды интеллект атауын “суперинтеллект” деп өзгертуді тапсырды
Фото: Midjourney

АҚШ президенті Дональд Трамп жетекші технологиялық компаниялардың басшыларымен кездесіп, федералдық ведомстволар мен агенттіктерге ресми қолданыстағы «жасанды интеллект» атауын «суперинтеллект» немесе SI терминімен алмастыруды міндеттейтін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа атау атқарушы биліктің заңнамалық күші жоқ құжаттарында, ресми хат алмасуда, жария мәлімдемелерде, интернет-сайттарда, есептер мен бағдарламалық құжаттарда қолданылуға тиіс. Жарлықта технологияның мұндай қарқынмен дамуы «суперинтеллект дәуірінің» басталғанын білдіретіні айтылған.

Технологиялардың қауіпсіздігіне компаниялар жауап береді

Ақ үйде өткен кездесуге OpenAI, Anthropic, Nvidia, Meta және Google компанияларының басшылары қатысты. Жабық жиыннан кейін Трамп тараптардың жасанды интеллект тудыруы мүмкін қауіп-қатерлерден қорғануға бағытталған моральдық міндеттеме туралы құжатқа қол қойғанын мәлімдеді.

Келісім бойынша әр компания өзі әзірлеген технологияның қауіпсіздігіне жауап береді. Олар модельдердің белгіленген мақсатқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қорғаныс тетіктерін енгізіп, анықталған ақауларды жедел түзетуге міндеттенді.

Сондай-ақ компаниялар жүйелердің жұмысын бағалау үшін тәуелсіз аудиторлармен бірлесіп қызмет атқаруы керек. Бұл тексерулер платформалардың өзге техникалық жүйелерді бұзып, оларға заңсыз қол жеткізуіне жол бермеуді көздейді.

Құжатқа Дональд Трамппен бірге Google бас директоры Сундар Пичай, Anthropic басшысы Дарио Амодеи, Meta компаниясының жетекшісі Марк Цукерберг, OpenAI президенті Грег Брокман, SpaceX басшысы Илон Маск және Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг қол қойған.

Трамп жасанды интеллект құралдарының қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы кеңес құру жоспары бар екенін де айтты. Алайда оның құрамына кімдер кіретіні әзірге нақтыланбады.

Деректер орталықтарын көбейтуге қолдау білдірді

АҚШ президенті жасанды интеллект жүйелеріне қажетті есептеу қуатын қамтамасыз ететін деректер орталықтарын жедел көбейтуді қолдайтынын тағы да растады. Алайда мұндай нысандардың электр энергиясын көп тұтынуы және жергілікті тұрғындарға ықтимал әсері қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

NPR және PBS News-пен бірлесіп жүргізілген Marist Poll сауалнамасына сәйкес, тіркелген сайлаушылардың 65 пайызы өздері тұратын аудандарда деректер орталықтарының салынуына қарсы болған.

Кездесуден кейін Nvidia басшысы Дженсен Хуанг мұндай нысандарды «суперинтеллект фабрикалары» деп атауды ұсынды. Оның пікірінше, деректер орталықтарының құрылысы АҚШ экономикасын қайта индустрияландыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.