Алматы және Жетісу облыстарын табиғи газбен қамту жұмыстарының қарқынына қатысты мәселе көтерілді. Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев өңірлердегі газдандыру жобаларын жеделдету қажет екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың мәліметінше, қазіргі таңда Алматы облысында 27, ал Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы дайындалған. Яғни екі өңірде жалпы 71 жоба іске асыруға әзір.
Сонымен қатар Кеген және Райымбек аудандарын табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы да дайындалған.
Нұрбақыт Теңізбаев газдандыру мәселесінің ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқанын айтып, өңірлердегі жұмысты жеделдетудің маңызын атап өтті.
«Бүгінде Алматы және Жетісу облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Сондықтан өңірлердегі газдандыру жұмысына жаңа қарқын беруіміз қажет», – деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Депутаттың айтуынша, дайын жобаларды іске асыру өңір тұрғындарын табиғи газбен қамту ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.