Қазақстанда ет қымбаттаған, бірақ қазақстандықтар бұрынғыдан да көп жейтін болған

Сағыныш Сардарова 31 шіл. 2025 18:04

Қазақстанда ет қымбаттаған, бірақ қазақстандықтар бұрынғыдан да көп ет жейтін болған. Бұл туралы EnergyProm сарапшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Агенттік мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде жан басына шаққанда ет пен ет өнімдерін тұтыну көлемі орта есеппен 20,6 келі болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,7 пайызға артық.

Етті ең көп тұтынған өңірлер – Ақмола облысы (бір адамға 24,1 келі), Жамбыл облысы (23,9 келі) және Маңғыстау облысы (23,6 келі).

Ал ең төменгі көрсеткіштер Қызылорда облысында (15,8 келі), Шымкентте (16,3 келі) және Түркістан облысында (16,9 келі) тіркелген.

2025 жылдың бірінші тоқсанында бір отбасының ет пен ет өнімдеріне жұмсаған орташа шығыны 157,9 мың теңге болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 9,5 пайызға жоғары.

Етке ең көп қаржы жұмсаған өңір – Маңғыстау облысы. Мұндағы отбасылар орта есеппен 233,5 мың теңге жұмсаған. Бұл – ел бойынша орташа деңгейден 47,9 пайызға артық. Алайда өткен жылмен салыстырғанда (238,2 мың теңге) 2 пайызға төмен.

Шығын көлемі бойынша келесі орында – Жамбыл облысы (222 мың теңге) және Атырау облысы (219,3 мың теңге).

Етке ең аз қаржы жұмсаған – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары: орташа есеппен 92,7 мың теңге. Одан кейін Қостанай облысы (101,3 мың теңге) және Ақмола облысы (121,7 мың теңге) тұр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, маусым айында ет пен ет өнімдері бір айда 1,2 пайызға, ал бір жыл ішінде 11,3 пайызға қымбаттаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар