Олигархтардан тәркіленген сағаттар аукционда сатылды

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 19:00

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» тәркіленген қымбат сағаттарды E-Qazyna электрондық платформасы арқылы өткен аукционда саудалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ашық сауда-саттық 30–31 шілде күндері өтті. Онда 14 эксклюзив қолсағаты мен «Бата», «Беташар», «Сүйіндір» атты коллекциялық монеталар сатылған. Жалпы сауда сомасы 117,6 млн теңге. Сағаттардың бастапқы бағасы 102,5 млн теңге болған.

Хабарламада атап өтілгендей, аукцион электронды форматта және тең қолжетімділік принципімен ұйымдастырылған. Бұл тәсіл ашықтықты қамтамасыз етіп, әділетсіз араласу мүмкіндігін шектейді.

Барлық сағаттар бұрын қолданылғанына қарамастан, сатып алушылар олардың сапасы мен құндылығын жоғары бағалаған. Аукцион қорытындысы бойынша 14 сағаттың барлығы жаңа иелерін тапты.

Ережеге сәйкес, сауда жеңімпаздары сатып алу-сату шартын 10 жұмыс күні ішінде жасасып, активтерге тек толық төлем жасалған соң ғана ие бола алады.

Түскен қаржы арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау сияқты маңызды салаларға жұмсалмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар