Белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы жайлы жалған ақпарат таратты деп айыпталды. Сот шешімімен оған 78 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Істің басталуына құқық қорғаушының әлеуметтік желідегі жазбасы түрткі болған. Төреғожина өз жазбасында Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағанын хабарлаған еді.
Қорғаушы тарап сотта істің құжаттары – инспектордың хаттамасы мен рапорты қысым арқылы жасалған деп санап, дәлел ретінде іске тіркемеуді сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қабылдамады.
Хаттаманы толтырған учаскелік инспектор Төреғожинаның жазбасы «жазаларды орындау жүйесіне деген көзқарасқа теріс әсер етеді» әрі «нақты дәлелдермен расталмаған» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Жыланбаевтың денсаулығы қалыпты: белсенді кітап оқып, спортпен айналысып жүр.
Төреғожинаның адвокаттары сотқа Жыланбаевтың өзін шақыруды талап еткенімен, судья бұл өтінішті де қабылдамады. Құқық қорғаушының айтуынша, белсенді абақтыдағы жағдайға наразылық ретінде қайтадан аштық жариялаған. Оның салмағы қауіпті деңгейге дейін төмендеген көрінеді.