Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың мәлімдемесінен соң доллар арзандады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
KASE-дегі күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 540,78 теңге болып, 5,42 теңгеге төмендеді.
Ұлттық банктің 31 шілдедегі ресми бағамы - бір доллар үшін 546,36 теңге.
kurs.kz деректері бойынша қазір Алматының ақша айырбастау орындарында долларды сатып алудың орташа бағамы 539,77 теңгеге, сату бағамы 542,25 теңгеге тең. Астанада америкалық валютаны орта есеппен 538,39 теңгеден сатып алып, 545,38 теңгеден сатып жатыр.
Бүгін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда доллар бағамы күрт көтерілуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Ұлттық банк - мемлекеттік органдар иерархиясындағы жеке құрылым әрі ол Үкіметке бағынбайды.
"Олар ақша-несие саясатын жағдайға қарап жүргізеді. Бірақ менің және әріптестерімнің болжамы бойынша "доллар бағамы әлі де кері кетеді, ол соншалық жоғары болмауға тиіс". Бұған дейін де осындай жағдайлар болған, нарық ақырында тұрақталады. Ұлттық банк те өз тарапынан қажет шараларды атқаратынына сенімдімін", – деп сөзін қорытындылады Роман Скляр бүгін брифингте.