Экономист Алмас Чукин: Қазақстанда бензин күрт қымбаттауы мүмкін

Сағыныш Сардарова 31 шіл. 2025 17:10

Қазақстанда жанармай бағасы енді еркін нарықтың ережесімен белгіленеді. Энергетика министрлігі бензин бағасының өсуі баяу жүреді деп сендіргенімен, экономист Алмас Чукиннің пікірінше, халық жанармайдың күрт қымбаттауына іштей дайын болғаны жөн. Бұл туралы сарапшы Digital Business басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономистің айтуынша, нарықтық логикаға сүйенсек, Қазақстандағы АИ-92 бензинінің бағасы көрші Қырғызстан мен Өзбекстандағы көрсеткіштерге қарай ойысады. Қазір Қырғызстанда АИ-92 бағасы литріне шамамен 396 теңге болса, Өзбекстанда 482 теңгеге жетіп отыр.

"Көрші елдердің еркін нарығындағы бағаны ескерсек, бізде де бензиннің қымбаттауына моральдық тұрғыда дайындалған дұрыс. Бағаның нақты қалай өсетінін тап басып айту қиын. Бірақ бензин бағасының Қырғызстан мен Өзбекстандағы деңгейге қарай бағыт алуы әбден мүмкін", – деді Чукин.

Сонымен қатар, экономист Қазақстанға жанармай бағасын Ресеймен салыстыру тиімсіз екенін айтты. Себебі Ресейде жанармай нарығын мемлекет жасырын субсидия арқылы ұстап отыр.

"Ресей бірнеше жыл бұрын салықтық маневр жасап, ішкі нарықты жасырын субсидиялау арқылы әлемдік баға деңгейіне көшті. Ресейдегі жанармай бағасы сол себепті нарықтағы нақты жағдайды көрсетпейді. Егер нақты нарықтық бағамен есептесек, Қазақстанда бензиннің бағасы Ресейге қарағанда әлдеқайда жоғары болуға тиіс", – деп түсіндірді экономист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар