Тоқаевты тобықтан қағып, "екі жеп, биге шыққысы" келген Дариға қайда жүрді?
Назарбаевтың шылбырына оралып, шашбауын көтерген жақын серіктері қайда болды?
Dalainside телеграм арнасы осы турасында ой өрбітіп, бірқатар қызықты тезистерді ортаға салған танымал саясаткер Жақсыбек Құлекеевтың кітабына қайта үңілді.
Қаңтардың қарсаңында экс-президент Германияда ота жасатқан "сантехник" інісі Болаттың көңілі сұрау үшін Шамалғанға келген.
Жағдай ушыққан тұста Назарбаев пен кейбір әулет өкілдері брондалған көлікпен қырғыз шекарасын кесіп өткен. Қырғыз жеріне табаны тигесін, қауіп бұлты сейіліп, Назарбаев кланы сол арадан әуежайға жеткізілген, әрі қарай Дубай қайдасың деп Араб жеріне тартып отырған.
Құлекеевтің айтуынша Әлия әуелден-ақ Араб әмірлігінде болған. Бұған оның кейіннен өшіріп тастаған әлеуметтік желідегі аккаунты дәлел.
"Сервис Әлияның орналасқан жерін автоматты түрде Араб әмірлігі деп анықтады. Жария тұлғаның аккаунты көкпен белгіленсе, мұндай анықтама қойылады", – дейді ол.
Қаңтар кезінде Назарбаевтың басқан кешкендерін көзі қарақты қауым шет-шағалай біледі. Ал экс-президенттің тұла бойы тұңғышы Дариғаның Алматыдан шыға алмай, соры қайнағанын біреу білсе, біреу білмес.
Құлекеев бұл орайда келесідей инсайдпен бөліскен екен.
"Біраз басқа оқиғалар болған. Маған экс-президенттің үлкен қызының ұмытшақтығы туралы айтты. Қаңтардың қарсаңында Дариға Назарбаева Жаңа жылды тойлаудың қызығына кіргені соншалық, оны Алматыдан тез арада қауіпсіз жерге кету туралы көндірген соң, ол Науаи көшесіндегі резиденциядан анасы Сара Назарбаеваны өзімен бірге алып кетуді ұмытып кеткен...".
Dalainside назар аударған тағы бір жайт Құлекеев кітапта Сара апамызды Назарбаевтың бірінші әйелі деп жазады. Бұған тоқталып жатқанды жөн көрмедік, бұл жағы көпшілікке таңсық емес деп топшыладық.
"(Дариға) Шешесін үйде қалдырып кеткені еске түскенде, қалада бүлік басталып, эвакуациялауда қиындық туындаған. Мемкүзеттің қызметкерлері Сара Назарбаеваға бронды машинаның күзетімен төрт көлік жіберуге мәжбүр болған. Тек осылай ғана бұрынғы бірінші ханымның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды", – дейді Құлекеев.
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады, кейбір күзетшілер халықтың қаһарынан қорқып, Сара апамыз отырған кортежді тастап кеткен. Қол созым жердегі Алматы әуежайына жету мұң болған...
"Салдарынан бронды көлік "Оңтүстік қақпа" бақылау - өткізу бекетінің маңындағы қоршауды бұзып өтуге мәжбүр болған. Осыдан кейін ғана VIP жеке ұшақтың бортына жеткізілген", – дейді саясаткер.
Құлекеевтың айтуынша Қаңтарда Назарбаевтың өзге туыстары мен серіктері де солқылдақтық танытқан. Мәселен, экс-президенттің немере інісі Ахметжан Есімовтың зәре-құты қашқаны сонша бір топ нөкерімен Медеу мұз айдынын бөктерлеп, "Шымбұлақ" шипажайына жасырынған.
Бұдан өзге эксклюзивті материалдарды мына сілтемеден оқи алассыздар: t.me/dalainside