Қанды қаңтардағы археолог өлімі: Оқ атқан Ұлттық ұлан подполковнигі 7 жылға сотталды

Dalanews 07 ақп. 2025 11:32 2051

Алматы гарнизонының әскери соты қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне кінәлі деп танылған Ұлттық ұланның бұрынғы подполковнигіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот істі жабық режимде "Билікті асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеліп соқтыру" бабы бойынша (ҚР ҚК 451-бабы 2-бөлігі) қарады. Сотталушы отставкадағы подполковник Айтжан Әубәкіров 5571 әскери бөлімінде командирдің тәрбие, әлеуметтік және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болған.   

Әскери сот Әубәкіровті кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

49 жастағы Ерлан Жағыпаров — тарихи мұраларды зерттеумен айналысқан белгілі ерікті, "Петроглиф іздеушілер" қоғамының мүшесі. Ол қаңтар оқиғасы кезінде жоғалып кетіп, бірнеше күннен кейін мәйітханадан табылды. Марқұмның денесінен 10-нан астам оқ ізі анықталған.

"Марқұмның туыстары оны бірнеше күн бойы іздеді. Әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы хабар тарады. Ақыры 12 қаңтарда қаралы хабар жетті: Ерлан Жағыпаровтың денесі мәйітханадан табылды. Оның інісі Нұрлан Жағыпаровтың айтуынша, Ерланды мәйітхана дәлізінде, қолына кісен салынған, азаптау белгілері бар күйінде тапқан. Құқық қорғау органдарының есебіне сәйкес, ол жүрек тұсына тиген оқтан көз жұмған. Сот-медициналық сарапшысы Ержан Қасымбековтың мәліметінше, Жағыпаров алғашында тікесінен тік тұрған күйінде жарақат алған. Алайда кейіннен оған жерде жатқанда да оқ атылған. Сарапшы денесінен 10 оқ жарақатын анықтаған" деп жазады Orda.kz.

Бұған дейін Алматыда қаңды Қаңтар оқиғасы кезінде әкелері оққа ұшып, ал аналары жол апатына түскен жетім төрт балаға Qazaq Stroy компаниясы баспана тарту еткенін жазған едік.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар