“Әкесі оққа ұшып, анасы жол апатына түсті”. Qazaq Stroy ұжымы жетім қалған төрт балаға баспана сыйлады

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2025 16:20 1942

Алматыда кәмелетке толмаған төрт бала жетім қалды. 2022 жылы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде олардың әкесі оққа ұшып, алған жарақатынан көз жұмған еді. Ал күні кеше аналары Сая Бауыржанқызы жол апатынан қаза тапты. Қайғыдан қан жұтқан әулетке көңіл айтушылар қатары көп болды, солардың бірі — Qazaq Stroy компаниясы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Qazaq Stroy ұжымы ата-анасынан айырылған балаларға 95 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер сыйлады.

“Енді балалар өздерінің жылы әрі жайлы үйлеріне жайғасады”, — деді Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаев.

Сонымен қатар Qazaq Stroy басшысы балаларға ай сайын 100.000 теңге көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Нұрлан Артықбаев бұл әрекетін қазақ ұлтының бірлігі мен көмегі ретінде атап өтті.

“Біз балаларға ата-анасын қайтарып бере алмаймыз. Алайда олардың болашағының жарқын болуы үшін барымызды саламыз. Біз — қазақпыз, біздің күшіміз бірлікте. Осы үй балаларға жайлылық пен үміт ошағы болсын. Ал біздің көмегіміз әлемде жақсы адамдардың бар екенін еске салып,  болашақтарына сенім ұялатса дейміз”, — дейді ол.

Бүгін Qazaq Stroy өкілдері балаларға пәтер кілті мен сертификатты табыс етті.

"Qazaq Stroy атынан Сая Есенгелдінің туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз! Сая туралы жарық естелік балалардың жүрегінде мәңгі сақталсын. Ал олардың болашағы жақсылық пен жылулыққа және қамқорлыққа толы болсын! Жылы жүрек пен қамқорлық осы әлемді біршама жарық етеді”, — деп қосты компания.

Qazaq Stroy компаниясы — үйлер салып қана қоймай, болашақта ешкім жалғыз қалмайтын қоғамды құруды мақсат етеді.

Еске салайық, 31 жастағы Сая Есенгелдінің күйеуі Еркебұлан Сыдықбаев Қаңтар оқиғасы кезінде құйымшағына оқ тиіп, ауруханада көз жұмды. Ал 4 ақпанда оның жұбайы Сая Есенгелді Алматы – Бішкек тасжолында көлік апатынан қаза болды. Бүгін, яғни 6 ақпанда Алматы жұрты оны ақтық сапарға шығарып салды.

Айта кетейік, бұған дейін төрт баламен жесір қалған Сая қала арасында такси айдап, отбасын асырап жүрген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар