Қазіргі таңда, жақынынан айырылып, қайғы жұтып отырған отбасы қаралы салттан гөрі, көбіне көп көңілді дастарқанның сәніне аудара бастайды. Осы мәселені толықтай зерттеу үшін біз «QAMQOR-SHARAPAT» Орталығынан біраз мәліметті жинап, зерттеп көрдік, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғының өзіне емес, оның сыртқы көрінісіне басымдық беріп, бәрі де бір-бірінен қалғысы келмей, өзара жасырын бәсекеге түсіп кетеді. Алайда, қазіргі қоғамда жаназа рәсімі өзінің бастапқы мағынасынан алыстап, сән-салтанатқа, жасанды абырой жарысына айналып кеткендей.
Бүгінде кең дастархан жайылып, 200-300 адамға дейін ас беру үшін зәулім мейрамханалар жалданатын болды. Марқұмға құрмет көрсету деген желеумен мыңдаған теңге шашылады.
Ысырапшылдық: Қазақ тарихындағы көріністері мен салдары
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен дүниетанымы ғасырлар бойы қалыптасқан. Тарихтың әр кезеңінде халқымыздың өмірінде қонақжайлылық пен кеңпейілділік жоғары бағаланғанымен, осы қасиеттер кейде ысырапшылдыққа ұласып отырғаны да жасырын емес. Ысырапшылдық- тек бүгінгі күннің мәселесі емес, ол қазақ қоғамында бұрыннан келе жатқан әлеуметтік, моральдық және экономикалық құбылыс.
Қазақ қоғамында ел алдында абыройлы болу, ағайын-туысқа, руластарына өз мәртебесін көрсету үшін ас беру, той жасау, қонақ күту сияқты жоралғыларда өз материалдық жағдайына қарамай мал сойып, дүние шашу кең тараған. Кей жағдайларда той-думандарда жүздеген жылқы сойылып, дүние-мүлік ашық таратылған.
Дәстүр мен ысырапшылықтың арасы
Бір ауылда болған оқиға. Атасы қайтыс болған азамат Алматыдан арнайы «КамАЗ»- бен дастарқандық ыдыс-аяқ, банкетке арналған орындық, шатырына дейін алдырып, 200 адамға арнап ас берді. Кейін марқұмның артында қалған туыстары мен балалары бірнеше ай бойы қарыздан шыға алмай, несие алуға мәжбүр болған. Бұл-бір ғана мысал.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының діни рәсімдерде ысырапқа бармау жолындағы жұмыстары
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (бұдан әрі - ҚМДБ) Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, 2020 жылы ҚМДБ жанындағы «Ғұламалар кеңесі» жаназа рәсімін атқару мен зират көтергенде және құдайы ас-жиындарда ысырап пен бәсекелестіктің алдын алу мақсатында елдегі мұсылмандарға арналған «Зират және зиарат мәдениеті» және «Ас беру мәдениеті» атты концептуалды құжаттар қабылдаған.
Сондай-ақ, Елорданың Бас мешітінде қызмет атқаратын маман өздері жұмыс істейтін орталықтың қызметі мен бағыт-бағдары жайлы кеңінен баяндап берді.
«Жаназа және жерлеу рәсімін (салттық қызмет көрсету) атқаратын ҚМДБ жанында «QAMQOR-SHARAPAT» Орталығы құрылған.
Орталық өз қызметін жүгінген тұрғындардың марқұм болған туыстарына, яғни мәйітті - шариғат талабымен жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу, автокөлік (авиа) қызметі арқылы тасмалдау, қабір қазу-жерлеу, құлпытас орнату, зират басында және құдайы ас-жиындарда Құран бағыштап-бата жасау сынды салттық қызметтерді атқарады.
Орталықтың қызметіне халықтың сұранысы артуына байланысты, еліміздің барлық өңірлерінен Орталықтың филиалдары ашылып тәулік бойы қызмет етуде.
Орталық «Өткенге құрмет - тіріге міндет» тақырыбымен жыл сайын мешіттер жамағаты мен еріктілерінің қатысуында жылына екі рет көктем және күз айларында республика бойынша зираттарды тазалау шарасын ұйымдастырып келеді.
Ел аумағындағы жергілікті зират әкімшілігі Орталыққа зираттардың ішінен арнай жер-секторларын бөлуде, ол жерге жерленген марқұмдардың қабір басына салынатын зираттарды жалпыға ортақ бірізділік мәдениетімен көтерудің үлгісін көрсетуде.
Сонымен қатар, Орталық елімізге танымал ІТ компанияларымен жасалған меморандум негізінде салттық қызметке электорнды тапсырыс беру қызыметі мен зираттарды цифрландыру жобасын қолға алды»,- дейді маман.
Бізге арнайы уақыт бөліп, ашық әрі шынайы сұхбат берген Елордалық Бас мешіттің имамы « Құдай ас» туралы және оның маңызы жайлы тарқатып берді.
«Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты «Құдайы ас» деп атайды. «Құдайы ас» атауынан көрініп тұрғандай (Алла тағаланың разылығын алу үшін) қайтыс болған адамға арналған ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі»,- дейді имам.
Елдегі мұсылмандарға арналған «Зират және зиарат мәдениеті» және «Ас беру мәдениеті» атты концептуалды құжаттардан анықтама:
Тарихи түсінік
Қазақ халқында қайтыс болған адамды дәстүр бойынша арулап жуудан бастап, ақ матаға кебіндеу, жаназа намазын оқу, шығарып салу, жерлеу, қоштасу, асын беру, қазаның қайғысын бөлісу секілді діни және ұлттық жоралғылар бар.
Осыған қарай құдайы ас беру жоралғысын өткізудің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Халық түсінігінде берілетін астың, оқылған Құранның, жасалған дұға- тілектің қайтыс болған кісіге тигізетін пайдасы мен сауабы жайында терең сенім қалыптасқан. Ал марқұмдарға ас бермеу «ата-бабасын сыйламау, әруақтарды құрметтемеу» деп саналған. Сондықтан, құдайы ас берудегі осы жоралғыларды реттеу- өзекті мәселе.
Себебі, уақыт өте келе халық арасында «ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын» деген түсінік қалыптасты. Осылайша құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірілер ризашылығы (мейрамханада ас өткізу, қымбат дастархан мәзіріне мән беру, т.б.) ерекше назарға алынатын болды. Ендігі кезекте, осы сынды бұрыс сенімдерден саналы түрде арылатын уақыт келді. Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс.
Құдайы ас берудің діндегі орны
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру- ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс»- делінген [«Жаназа және жерлеу рәсімдері»-Астана, 2017. -148 бет].
Құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегі
1.Шынайы ниет ету
- Құдайы асқа жиналу
- Құран оқу, бата беру және дұға жасау
- Ысырапқа жол бермеу
- Құдайы аста уағыз-насихат айту
6.Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату
- Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау
Ысырапқа жол бермеу
Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «…ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей- кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.
Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б. ) таратуды шариғат талап етпейді.Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу- әлде –қайда сауапты.
Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау
Құдайы ас дастарханында қарапайымдылық таныту- әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі.
Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет.
Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады.
Қасиетті Құранда: «Олардың (ізгі жандардың) мал- мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін) пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар» деп баяндалған («Зәрият» сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет.
Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн.
Құдайы ас дастарханында дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.
Неліктен ысырапқа барамыз?
- Қоғамдық қысым. «Ел не дейді?» деген ұстаным.
- Салыстыру. «Басқалары осылай өткізді, мен де кем қалмайын» деген ой.
- Білімнің жетіспеушілігі. Ислам тұрғысынан жаназа мәдениеті жайлы нақты ақпараттың аздығы.
- Марқұмға деген шынайы құрмет- мол дастарқан мен сән-салтанат емес. Ол – дұға, садақа, жақсы амал, артында қалғандарға қолдау көрсету.