Қазақстанда цифрлық төлемдердің үлесі айтарлықтай артты. 2026 жылдың алғашқы жартысында төлем карталары мен банктердің цифрлық сервистері арқылы 7,1 млрд қолма-қол ақшасыз операция жасалған. Бұл елдегі барлық операцияның 98 пайызына тең. Ал мұндай төлемдердің жалпы сомасы 92,1 трлн теңгеге жетіп, бүкіл төлем көлемінің 88 пайызын құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық банктің дерегінше, соңғы бес жылда қолма-қол ақшасыз операциялардың саны 2,2 есе көбейген. 2021 жылы олардың саны 6,3 млрд болса, 2025 жылы 14 млрд-қа жетті. Осы кезеңде төлем көлемі де 73,1 трлн теңгеден 188,5 трлн теңгеге дейін өсіп, 2,6 есе артқан.
Соған қарамастан, қолма-қол ақшаға деген сұраныс төмендеген жоқ. Кейінгі бес жылда айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі жыл сайын орта есеппен 10 пайызға өсіп отырған. Ұлттық банк қағаз ақшаның қаржы жүйесіндегі маңызы әлі де жоғары екенін атап өтті. Әсіресе цифрлық инфрақұрылым істен шыққан немесе төтенше жағдай болған кезде қолма-қол ақша балама төлем құралы ретінде қажет. Сондықтан оның айналымнан толық шығарылуы әзірге күтілмейді.
Цифрлық төлемдер көбейген сайын интернет-алаяқтық қаупі де күшейіп отыр. Күмәнді операцияларды анықтап, бұғаттау үшін Ұлттық банк жанынан Антифрод-орталық құрылған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері банктер 117 млрд теңгеден астам қаражаттың алаяқтарға аударылуына тосқауыл қойған.
Антифрод-орталықта қазір 188 мыңнан астам күмәнді оқиға тіркелген. Оның шамамен 161 мыңы алаяқтық әрекеттерге, қалған 27 мыңы өзге де заңсыз операцияларға қатысты. Бұл жағдайлардан 95 мыңнан астам адам зардап шеккен. Ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдеріне жалған интернет-дүкендер, телефон қоңыраулары және өтірік инвестициялық ұсыныстар жатады.
Биыл шілдеде Антифрод-орталыққа кредиттік бюролар да қосылды. Олар бір сағат ішінде бірнеше несиеге өтінім берген азаматтар туралы мәлімет жолдайды. Осы ақпарат негізінде банктер қосымша тексеру жүргізеді. Алдағы уақытта жүйеге криптопровайдерлер мен маркетплейстерді қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ күмәнді операцияларды жасалмай тұрып анықтайтын жасанды интеллект құралдары енгізілмек.
Ұлттық банк цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы жүйесіне де кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Қазір ол несие беру, субсидиялау, мемлекеттік сатып алу және салықты басқару салаларындағы пилоттық жобаларда қолданылуда.
Цифрлық теңге арқылы Достық–Мойынты теміржолы, Талдықорған–Үшарал газ құбыры және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылып жатыр. Осы мақсатта 340,4 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылған.
Цифрлық ҚҚС жобасының нәтижесінде заңды тұлғаларға қосылған құн салығын қайтару мерзімі 55 күннен 15 күнге дейін қысқарды. Дегенмен цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе банк шотындағы қаражатты толық алмастырмайды. Азаматтар ақшаның қай түрін және қандай төлем тәсілін қолданатынын өздері таңдай алады.