– Біз қалайық, қаламайық, шындықтың бетіне тура қарағанда, дәл бүгінгі күні Путин әлемдік деңгейдегі бірінші нөмірлі лидер. Оның қасында Байденнің өзі бала. Сырттай қанша кіжінгенмен, бетпе-бет келгенде оның да тізесі дірілдейді. Өзінде де, сөзінде де сес жоқ. Ал еуропа көсемдері болса, шетінен қызтеке. Бірде біреуінде еркектік мінез байқалмайды. Оларға қарағанда Лукашенко тәуір. Оның да бір айтары бар. Зеленский болса, әртіс. Путинмен шендесетін тек қытай көсемі ғана. Оның өзі орысқа достық пейіл танытады.
Құдайшылығына келсек, ядролық қарудың қызығын кешегі КСРО-дан кейін көрген осы Путекең. Бүкіл әлемге «келсең кел» деп айбат шегіп отырғаны сондықтан.
Шынтуайтына келгенде, дәл осылай айбат шеге алмаса, ол «темір-терсектің» не керегі бар? Алайда ондай мінез таныту үшін де бірінші нөмірлі лидер болу керек. Ал Путин сол адам. Рас, осыдан оншақты жыл бұрын осындай теке-тіресте оның да даусы қыңсылап шығатын. Ал қазір басқа. Мынау мүлде өзге Путин.
Путинді мақтағым жоқ. Бірақ шындық қымбат. Мен де ертеңгі күні болуы мүмкін соғыста Ресейдің быт-шыт болып жеңілгенін қалаймын. Тіпті, бөлшектеуге түссе екен деп те армандаймын.
Біз тек сол кезде ғана шынайы тәуелсіздікке қол жеткізер едік. Ең болмағанда алдағы күндері салынуы мүмкін сұмдық санкциялардан экономикасы мүлде құлдырап, халқы тезек теріп кетсе екен деп те қиялдап қоямын. Сол кезде Путиннің өзі тығылатын жер таппай қалар еді.
Бірақ олай болмайды. Ресей Украинаны жаулап алады. НАТО қашанғысындай ойыннан тыс қалады. Шынтуайтына келгенде, оларға да жан керек. Еуропа соғысқа араласпайды. Себебі, бәрі де ядролық қарудан аяқ тартады.
Ал Ресей күннен-күнге айбарлана түседі. Қытаймен одақтасады. Не керек, жаңа тұрпаттағы КСРО-ны қайта қалыптастырады. Бұл – ақиқат. Ал оған кім қарсы тұра алады?! Өз басым қарсы тұра алатын біреу-міреуді көріп тұрғаным жоқ. Рас, Америка бастаған күштің Ресейді бөлшектеп тастауға күші жетеді. Бірақ оған ешқайсысы да тәуекел ете алмайды. Себебі, лидер емес.
Жалғыз ғана үміт бар. Ол – Алла. Өз басым Алла Тағала қазақ басына түсуі мүмкін мұндай қасыретке жол бермейді деп ойлаймын. Бірақ қалай жол бермейді? Оны білмеймін. Білуші – Алла.