Пульмонолог: Вейп қауіпсіз балама деген – қате түсінік

Пульмонолог: Вейп қауіпсіз балама деген – қате түсінік
magnific.com

Темекі шегу әлемдегі ең кең таралған зиянды әдеттердің бірі болып қала береді. Қазақстанда темекі тұтынушылар саны біртіндеп азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, бүгінде ел тұрғындарының 17,5 пайызы темекі шегеді. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен төмен болғанымен, мамандар темекі мен никотинге тәуелділік мәселесі әлі де өзекті екенін айтады. Әсіресе жастар арасында электронды темекі мен вейптердің кең таралуы алаңдаушылық туғызады. Темекінің адам денсаулығына әсері, вейптердің қаупі және зиянды әдеттен арылудың жолдары туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты терапия бөлімшесінің пульмонолог дәрігері Аида Жәділден сұрап көрдік, деп хабарлайды dalanews.kz.

– Темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін ең қауіпті салдары қандай және оның әсері қанша уақыттан кейін байқала бастайды?

– Темекі шегу жүрек-қан тамырлары жүйесіне де, тыныс алу мүшелеріне де үлкен зиян келтіреді. Ол ишемиялық жүрек ауруының, инсульттің, өкпе обырының және созылмалы обструктивті өкпе ауруының даму қаупін арттырады.

Көпшілік темекінің зияны тек бірнеше жылдан кейін байқалады деп ойлайды. Алайда оның кері әсері алғашқы күндерден-ақ басталады. Темекі түтініндегі зиянды заттар қанға түсіп, ағзаны оттегімен қамтамасыз ету процесін бұзады. Нәтижесінде адамның жұмысқа қабілеті төмендеп, тыныс алу жүйесіне салмақ түседі. Ұзақ уақыт темекі шегу ауыр созылмалы ауруларға алып келуі мүмкін.

– Соңғы жылдары жастар арасында электронды темекі мен вейптердің кең таралуы байқалады. Олардың кәдімгі темекіден қандай зияны бар?

– Өкінішке қарай, көптеген жастар электронды темекі мен вейпті қауіпсіз деп қабылдайды. Бірақ бұл дұрыс емес.

Вейптердің құрамында никотин және тыныс алу жолдарын тітіркендіретін түрлі химиялық заттар болады. Олар да тәуелділік қалыптастырады және өкпе саулығына кері әсер етеді. Әсіресе жасөспірімдер үшін қауіпті, өйткені никотинге тәуелділік ерте қалыптасады.

Көп жағдайда электронды темекі қолдану кейін дәстүрлі темекіге көшуге себеп болуы мүмкін. Сондықтан олардың зиянын елемеуге болмайды. Осыған байланысты елімізде 2024 жылдың 20 маусымынан бастап вейптерді, оларға арналған сұйықтықтарды және хош иістендіргіштерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынды.

Темекіні тастағысы келетін адамдарға қандай тиімді әдістерді ұсынар едіңіз және медициналық көмек қаншалықты маңызды?

– Ең бастысы – адамның өз шешімі мен ниеті. Темекіден бас тарту туралы нақты шешім қабылдау маңызды.

Темекіні қойғаннан кейін ағзада оң өзгерістер бірден басталады. Екі сағаттан соң никотин ағзадан шығарыла бастайды. Он екі сағаттан кейін көміртек тотығы толық жойылып, өкпенің жұмысы жақсарады. Бірнеше күннен соң иіс сезу мен дәм сезу қабілеті қалпына келеді. Ал бірнеше аптадан кейін қан айналымы жақсарып, физикалық белсенділік артады.

Кейбір адамдарға темекіден бас тарту барысында дәрігер көмегі қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мамандар арнайы кеңес беріп, тәуелділікті жеңуге көмектесетін әдістерді ұсынады. Сондықтан медициналық қолдаудың маңызы зор.

– Темекі шегудің алдын алу үшін отбасы, мектеп және медицина саласы қандай жұмыстарға басымдық беруі керек деп ойлайсыз?

– Темекі шегудің алдын алу – баршаға ортақ міндет. Бұл жерде отбасының рөлі ерекше. Балалар көбіне ата-анасының әрекетін қайталайды. Сондықтан ересектердің өздері салауатты өмір салтын ұстануы маңызды.

Мектептерде зиянды әдеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, оқушыларды спортқа және пайдалы істерге тарту қажет. Ал медицина саласы халықтың денсаулық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және темекіге тәуелді азаматтарға кәсіби көмек көрсетуге басымдық бергені жөн.

Жалпы, денсаулық – әр адамның өз қолындағы құндылық. Темекіден бас тарту арқылы адам өз өмірінің сапасын жақсартып қана қоймай, болашақ ұрпаққа да дұрыс үлгі көрсете алады.