“Проблемалық кредиттер қорының” экс-басшысы ұсталды: істің Шолпанқұловқа қатысы бар ма?

Қаракөз Амантай 24 ақп. 2026 09:51

Белгілі журналист Михаил Козачков "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Дәулет Бақбергеннің ұсталғанын мәлімдеді. Оның жазуынша, экс-басшы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистің дерегіне сүйенсек, Бақберген біраз уақыт бұрын Астанада ұсталып, кейін Алматыға жеткізілген. Қазір қылмыстық істі ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Козачков мәселенің мәнін түсіндіре келе, "Проблемалық кредиттер қоры" Қаржы министрлігіне қарасты ұйым екенін атап өтті. Қордың негізгі міндеті екінші деңгейлі банктерден өткен проблемалық активтерді қабылдап, оларды қалпына келтіріп, кейін саудаға шығару екен. 

Алайда бұл құрылымның жұмысы бұған дейін де депутаттар мен сарапшылар тарапынан сынға ұшыраған. Мамандар ондаған нысан қор қарамағында болғанына қарамастан, табыстың неге мардымсыз екенін бірнеше рет көтерген.

Журналист өзі шамамен алты жыл бұрын қор қызметіне қатысты шағын зерттеу жариялағанын да еске салды. Сол материалда Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауытының жағдайы сөз болған.

"Қор менеджерлері аумағы 64 мың шаршы метр зауытты айына небәрі 1000 теңгеге жалға берген. Инвестор өндірісті жандандырамын дегенімен, іс жүзінде ғимараттарды коммерциялық мақсатта қайта жалға беріп отырған", - деп жазды Козачков.

Сонымен қатар журналист бұл істе тағы бір назар аударар жайт барын атап өтті. Оның айтуынша, Бақбергеннің бұрынғы жетекшісі - Қаржы министрлігі тарапынан қор жұмысын қадағалаған Берік Шолпанқұлов жуырда Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен.

Козачков осы екі оқиғаның өзара байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз екенін айтып, бұл сұраққа тергеу барысында жауап берілуі мүмкін екенін меңзеді.

Қазіргі уақытта ресми органдар тарапынан қосымша түсініктеме жарияланған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove