Президенттің бағдарламалық сұхбаты: болашаққа бағдар

Сандуғаш Райым 04 қаң. 2025 12:44 1142

Еліміз былтыр көптеген маңызды іс-шараларды, елеулі оқиғаларды, түрлі қиындықтардыбастан кешірді. Дәстүрге айналғандай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне кезекті сұхбатын берді. Мемлекет басшысы сұхбат барысында: «Өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғи апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда, біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр», - деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында айтылған маңызды мәселелерге қатысты сарапшылар өз ой-пікірлерімен бөлісті.  

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Әмина Үрпекованың айтуынша, ел Президенті екінші жыл қатарынан жылды бағдарламалық сұхбат арқылы қорытындылап отыр. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды дәстүрге айналып келеді. Бұндай формат дамудың стратегиялық бағыттарын белгілеуге, жетістіктерді атап өтіп, болашаққа арналған жоспарларды белгілеуге мүмкіндік береді.

«Сұхбат қарапайым азаматтармен қатар сарапшылар қауымдастығына да елдің даму траекториясын нақты түсінуге, сенім мен тұрақтылық сезімін нығайтуға мүмкіндік береді. Негізінде, бұл Мемлекет басшысының атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын, ағымдағы жағдайды барабар қабылдауын көрсететін есеп берудің бір кезеңі іспетті. Сонымен бірге ол негізгі әлеуметтік-экономикалық, саяси және ең бастысы, құндылық-идеологиялық бағыттарды қамтитын болашақ дамудың тірек нүктелерін белгілейді», - деді Әмина Үрпекова.  

Сұхбаттың мазмұнына тоқталған сарапшы, инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік төлемдерді арттыру, сондай-ақ білім, ғылым және мәдениетті қолдау сияқты бірнеше маңызды жайттарды атап өтті.

«Президент мемлекетті нығайту үшін терең реформалар жүргізу, экономикалық даму мен әлеуметтік бағдарламалар арқылы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту сияқты ел дамуының негізгі қағидаттарына ерекше тоқталып отыр. Экологиялық дүниетанымды қалыптастыруға, жастарды отансүйгіштік пен жасампаздық рухында тәрбиелеуге, сондай-ақ бірлік пен әділеттілік құндылықтарын насихаттауға ерекше көңіл бөлінген. Маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру және инновацияларды енгізу болмақ. Болашақ прогрестің негізі ретінде қарастырылатын жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жаһандық технологиялық трендтерді ескеретін болсақ, бұл бағыт уақтылы көтерілген мәселе болмақ. Сарапшылардың ЖИ шешімдері қаржыдан медицинаға дейінгі негізгі салаларды өзгертеді деп болжайды. Ірі компаниялар қазірдің өзінде жұмысын оңтайландыру үшін ЖИ кеңесшілерін белсенді түрде енгізуде. Денсаулық сақтау саласында ЖИ ауруларды ерте диагностикалау және робототехника арқылы медициналық кадрлардың тапшылығымен күресу үшін қолданылатын болады», - деді Әмина Үрпекова.

Оның айтуынша, сұхбатта ел өміріндегі, маңызды тақырыптар көтерілген. Аталмыш сұхбателіміздің одан әрі дамуының маңызды бағдарына айналады деп есептейді сарапшы.

«Nvidia және Apple сияқты ірі компаниялар тіл үлгілерін интерпретациялауға арналған шешімдерді енгізу және иммерсивті технологияларды дамыту арқылы нарықтағы позицияларын нығайтуда. Осы орайда Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы және KazLLM қазақ тілінің үлкен тілдік моделінің бірінші нұсқасының жасалуы орынды болды. Осылайша, Президенттің бағдарламалық сұхбаты атқарылған жұмыстардың есебі ғана емес, еліміздің одан әрі дамуының маңызды бағдарына айналады. Басымдықтардың нақтылығы, реформалар мен инновацияларға баса назар аудару және негізгі құндылықтарға көңіл бөлу тұрақты өсудің берік негізін құрайды», - деді Әмина Үрпекова.

Айта кетелік, «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика бағытына жауапты шенділерге онша көңілі толмайтынын айтқан болатын. Экономист Мақсат Халық осы мақалаға  қатысты өз пайымдауларын жеткізді. 

«Президент өз сұхбатында экономика бағытына жауапты болып отырған шенділерге онша көңілі толмайтынын айтты. Меніңше, осы пікірмен толық келісуге болады. Яғни қай өңірде не істеу керек екенін, қандай экономикалық бағыттарға бет бұру керек екенін, сол бойынша білікті мамандар тарту қажеттігін меңзеп отыр.

Мемлекет басшысы көңіл аударған екінші мәселе - 4 пайыздық өсімнің аздық ететіні. Былтыр ел экономикасының өсімі 5 пайыздан астам болған. Биыл өсім 4 пайыз ғана болды. Бұны ешкім жақсы деп айта алмайды. Президенттің 2029 жылға дейін қойған жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға дейін жеткізу межесін мысалға алсақ мұндай өсіммен белгіленген мақсатқа жете алмайтынымыз анық. Демек, өсімге жұмыс істеуіміз қажет. Енді екінші  мәселе – өсіммен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсаруы тіис. Өмір сүру сапасы артуы керек, төлем қабілеті, жұмыспен қамтамасыз етілу көрсеткіштері жғарылауы қажет. Міне осының бәрі  шешілуі тиіс өте өзекті мәселелер. Бізде, өкінішке қарай, экономикалық өсім болғанымен, халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік жағдайы жақсарып жатқан жоқ. Қарапайым халықтың табысы мәз емес, күнкөрісі керісінше нашарлап кетті. Осы үдерістер бір-біріне қарама-қайшы болып тұр. Сондықтан егер экономикалық өсім болса, халықтың әлеуметтік жағдайы да дұрысталуы тиіс. Міне, дәл осы қазіргі Үкіметтің алдына қойылатын негізгі талап болуы тиіс деп есептеймін», - деп атап өтті Мақсат Халық.

ҚСЗИ Абай облысы бойынша өкілі, Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы Берік Қадыровтың пайымдауынша, Президент сұхбатын мазмұнын шартты түрде үш негізгі бағытқа бөлуге болады.

«Біріншіден, мемлекет басшысы 2024 жылдың қорытындыларын жасап, еліміздің жеткен басты жетістіктерімен бөлісті. Екіншіден, алдағы уақытта атқарылуы қажет негізгі мәселелер мен бағыттарды айқындады. Үшіншіден, қоғамда резонанс тудырған оқиғалар мен әртүрлі пікірлерге қатысты өз ойын білдіріп, нақты ұстанымын айқындады.
Президентінің осындай форматтағы кездесулері елімізді дамытуға қатысты шаралардың мән-маңызын барлық азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сұхбат барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы, нәтижелері талқыланды»- деді сарапшы.

Берік Қадыровтың пікірінше, маңызды бастамалар аймақтарда да өз нәтижесін көрсетуде. Әсіресе, Президент мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесінің тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті.

«Мысалы, Абай облысы бойынша айтсақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 54 380-ге жетіп, оларда 103 952 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда, машина жасау саласы 16%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 4%-ға, бөлшек тауар айналымы 12%-ға, көтерме сауда 9%-ға өскен. Сонымен қатар, мемлекет басшысы жастардың экономикалық дамудағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың белсенді, білімді, тәртіпті және еңбекқор болуын қалайтынын жеткізді. Жастарды қолдау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқаны да айтылды», - деді сарапшы.

Сұхбат барысында қозғалған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде Қазақстан E-government көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орынға ие болғаны – айтарлықтай жетістік, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайтындығындығына тоқталды. Бұл бағытта елімізде үлкен жобалар іске асырылып жатқаны белгілі, соның ішінде Семей қаласында да «Ақылды» қалаларды дамытуға арналған Жол картасы аясында 27 жоба жоспарланған (17 базалық және 10 қосымша жоба), бірақ мемлекет басшысының меңзеп отырғаны тек сан емес, яғни цифрлық экожүйені қалыптастыруда сапаға, әсіресе мемлекеттік тілдегі контенттер мазмұнына басымдық беруді ескертті», - дейді Берік Қадыров.  

Мемлекет басшысының бұл сұхбаты алдағы уақытта жан-жақты сараланып  атқарушы билік тарапынан нақты қорытындылар жасалып, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмақ. Сонымен бірге, қоғамда дұрыс түсінік қалыптасып, ортақ мақсатқа ұмтылуға септігін тигізеді деп санайды мамандар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар