«Ұлтқа балта шабар насихатқа жол жоқ». Жаңа заң ЛГБТ үгіттеушілеріне қандай шектеу қояды?

Ақтоты Жапатова 13 қар. 2025 16:03

Алматыда қоғам белсенділерінің қатысуымен ЛГБТ насихатына қарсы баспасөз конференциясы өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Алматы қаласында азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылардың қатысуымен «Ұлтқа балта шабар ЛГБТ ұйымдардың насихатына жол жоқ!» атты баспасөз конференциясы өтті. Шараның мақсаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары ұсынған дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасын қолдау және қоғамды ақпараттандыру.

Баспасөз жиынын қоғам белсендісі әрі құқық қорғаушы Бағила Балтабаева ұйымдастырды. Оның айтуынша, бұл бастамаға қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдіріп отыр.

«2019 жылдан бері қарай біржынысты қарым-қатынасты қолдаушылар өз белсенділіктерін күшейтіп, түрлі алаңдарда жалауларын көтеріп жүр. Бұл бізді бейжай қалдырмады. Мен қоғам белсендісі әрі ана ретінде мұндай насихатқа қарсы әрекет етуге мәжбүр болдым. Жастардың осындай ұйымдардың жиындарында жүргенін көріп, үнсіз қала алмадым. Сол себепті дәстүрлі емес қатынастарды насихаттауға толық тыйым салу мақсатында петиция жарияладық. Нәтижесінде 50 мыңнан астам қол жиналып, ұсыныс Үкіметке жеткізілді. Қазір ол Сенаттың қарауында. Мемлекет басшысы қол қойса, заң толық күшіне енеді», – деді Бағила Балтабаева.

Конференцияға белгілі қоғам қайраткерлері мен шығармашыл тұлғалар қатысып, өз пікірлерін білдірді. Олардың арасында жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Марат Тоқашбаев та бар.

«Біз ең алдымен келешек ұрпақ үшін алаңдаймыз. Менің 12-13 немерем бар. Сол балалардың ұлттық болмысқа жат, арсыз дүниелердің ықпалына түскенін қаламаймын. Біржынысты ұйымдар халықтың небәрі 1 пайызын құрайды. Сол азшылық үшін қалған 99 пайыз халық зардап шекпеуге тиіс», – деді ол.

Белсенді, қоғам қайраткері Шолпан Бостанқызы да заңның шығуын қолдап, бұл келешек ұрпақ үшін маңызды түйткіл екенін баса айтты.

«ЛГБТ өкілдері өз құқықтары тапталды деп жиі мәлімдеме жасайды. Бірақ біз олардың жеке өміріне араласып жатқан жоқпыз. Біз тек олардың ашық түрде насихат жүргізуіне, келешек ұрпақтың санасын улауына қарсымыз. Осыны дұрыс түсінген жөн», – деп атап өтті ол.

Жиын барысында қатысушылар әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін де ұсынды. Зерттеулер қазақстандықтардың басым бөлігі дәстүрлі емес қатынастарға қарсы екенін көрсетті. «Қазақстандық қоғамды дамыту институтының» дерегінше, респонденттердің 90,5 пайызы гомосексуалдық қатынастарды өз балаларына қабылдауға дайын емес екенін айтқан. Ал халықаралық зерттеулерде мұндай қатынастардың «ақталу деңгейі» небәрі 2,2 балл болған.

Бағила Балтабаеваның айтуынша, заң жобасы сөз бостандығына шектеу емес, қоғам мен жастардың психикалық және рухани денсаулығын қорғауға бағытталған.

«Бұл бастама ұлттың рухани қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Мақсат – біреуді қудалау емес, жастардың санасын теріс насихаттан сақтау, – деді ол жиынды қорытындылай келе.

Дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасы қазіргі таңда Сенат қарауында. Заң қабылданған жағдайда, ол «Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Масс-медиа туралы» және басқа да бірқатар заңдарға енгізілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар