Президент цифрлық активтер индустриясын дамыту жайлы: Сонда көлеңкелі айналымды азайтамыз

Кәмшат Тілеухан 14 нау. 2025 17:00 164

"Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады". Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманда экономика инновацияға негізілуі керек екенін еске салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандырудың шұғыл шараларын қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді", - деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керектігін айта келе, Алатау инновациялық технологиялық паркі мен Курчатов қаласын да сөз етті.

"Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті дәстүрі мен тәжірибесі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Сұрауы қатты болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар