Президент Жолдауы: орындалу қарқыны, өңірлік саясат және қоғаммен байланыс

Президент Жолдауы: орындалу қарқыны, өңірлік саясат және қоғаммен байланыс
osken-onir.kz
Саясаттанушы Әмірбек Әлібидің айтуынша, Президенттің соңғы Жолдауында қойылған міндеттердің орындалу қарқыны жалпы алғанда тұрақты әрі жүйелі сипатқа ие. Үкімет пен мемлекеттік органдардың жұмысынд...

Саясаттанушы Әмірбек Әлібидің айтуынша, Президенттің соңғы Жолдауында қойылған міндеттердің орындалу қарқыны жалпы алғанда тұрақты әрі жүйелі сипатқа ие. Үкімет пен мемлекеттік органдардың жұмысында жоспарлы тәсіл мен саяси ерік байқалады, алайда бірқатар бағыттарда аймақтық деңгейдегі институционалдық әлсіздіктер әлі де реформалардың толық жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр деп хабарлайды Dalanews.kz

Президенттің соңғы жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу қарқыны

Сарапшының пікірінше, Жолдауда белгіленген міндеттердің басым бөлігінде — цифрландыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру, бюджеттік тиімділікті арттыру сияқты бағыттарда — нақты ілгерілеу бар. Үкімет белгіленген мерзімдерге сәйкес жұмыс істеп, жоспарлау логикасын сақтап келеді. Бұл — жүйелі тәсілдің қалыптасқанын көрсетеді.

Алайда құрылымдық реформалар — әсіресе өңірлік саясат, бәсекелестікті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау салалары — ұзақ мерзім мен кең ауқымды ведомствоаралық ынтымақтастықты талап етеді. Сондықтан мұнда прогресс біркелкі емес. Сарапшының айтуынша, басты мәселе тек тапсырмалардың орындалуында емес, олардың сапалы жүзеге асырылуында.

 Үкімет пен мемлекеттік органдар Жолдаудағы тапсырмаларды қалай жүзеге асырып жатыр?

«Министрліктер мен ведомстволар тапсырмаларды орындауға белсенді кірісті, көптеген бастамалар қазірдің өзінде практикалық кезеңге өтті. Үкімет мониторингті күшейтіп, есептіліктің ашық механизмдерін қолдануда. Бұл прогресті нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда орталық мемлекеттік органдар арасындағы үйлесім де жақсарған.

Алайда жүйелі қиындықтар сақталып отыр. Орталық деңгейде нормативтік құжаттар жедел қабылданғанымен, аймақтарда олардың сапалы орындалуы арасында алшақтық бар. Әкімдік қажетті ресурстар мен басқарушылық икем әркез жеткілікті емес. Сондықтан реформалардың алға жылжуы кадрларды даярлау және өңірлерді институционалдық қолдау шараларын күшейтуге тікелей байланысты»,- дейді политолог маман Әмірбек Әліби.

 Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын халыққа түсіндіру жұмысының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?

«Соңғы жылдары түсіндіру жұмысының сапасы айтарлықтай өсті. Инфографика, бейнематериалдар, аналитикалық шолулар көбейіп, сарапшылар мен қоғам өкілдерімен кездесулер жиілеп келеді. Мемлекеттік органдар күрделі реформаларды қарапайым тілмен түсіндіруге ұмтылуда. Бұл — қоғамда ақпараттық диалог қалыптастыруға маңызды қадам.

Сонымен бірге түсіндіру жұмысы әлі де елордада шоғырланған. Өңірлерде оның деңгейі жергілікті биліктің белсенділігі мен ресурстық мүмкіндіктеріне байланысты өзгеріп отырады. Көп жағдайда материалдар тек негізгі тезистерді қайталаумен шектеліп, реформалардың өңірлік өмірге әсеріне терең талдау жасалмайды. Тиімділікті арттыру үшін жергілікті сарапшыларды, университеттерді және үкіметтік емес ұйымдарды кеңінен тарту маңызды»,- деп түсіндірді саясаттанушы.

Жолдаулардың негізгі идеялары аймақтарға толық жетеді деп ойлайсыз ба? Аймақ пен орталық арасындағы коммуникацияда қандай олқылықтар бар?

-Жалпы негізгі идеялар өңірлерге жетеді, бірақ олардың түсіндірілуі мен жүзеге асырылу сапасы аймақтар арасында әртүрлі. Кейбір облыстарда реформаларды талқылау мен іске асыру белсенді жүріп жатса, басқаларында бұл тек формалды сипатта қалып отыр. Бұл — тапсырмаларды түсіну мен орындау қарқынының біркелкі болмауына әкеледі.

Басты проблема — өңірлердің реформаларды әзірлеу процесіне ерте кезеңде қатыспауы. Шешімдер көбіне «жоғарыдан» түсетіндіктен, олар жергілікті ерекшеліктерді тиісті деңгейде ескере бермейді. Осы олқылықты жою үшін өңірлік құрылымдарды стратегиялық сессияларға тарту, жергілікті басқару әлеуетін көтеру және орталық пен аймақ арасындағы горизонталды коммуникацияны күшейту қажет.

Халық Жолдауларды көбіне ресми жиын ретінде қабылдайды. Бұл түсінікті өзгерту үшін не істеу керек?

«Жолдауды ресми рәсім ретінде қабылдауды өзгерту үшін ең алдымен нақты нәтижелер көрсетілуі тиіс. Азаматтар Жолдауда айтылған бастамалардың күнделікті өмірге — инфрақұрылымға, мемлекеттік қызмет сапасына, әлеуметтік қолдауға, бизнестің дамуына — қалай әсер ететінін көргенде, сенім артады.

Сонымен қатар халықпен ашық және екіжақты диалог орнату маңызды. Өңірлік пікірталастар, қоғамдық тыңдаулар, сарапшылармен кездесулер көбейген сайын азаматтардың қатысу деңгейі артады. Мемлекеттік органдардың жеке жауапкершілігін күшейту де маңызды. Халық Жолдаудың ритуал емес, нақты нәтиже беретін жұмыс құжаты екеніне көзі жеткенде, оған деген көзқарас та өзгереді»,- деп қорытындылап өтті политолог маман.