Бүгін Қазақстанда Президент Әкімшілігінің басшысы ауысты. Мемлекет басшысының жарлығымен Айбек Дәдебай қызметінен босатылып, оның орнына Роман Скляр тағайындалды. Аталған кадрлық өзгеріске қатысты саясаттанушы Талғат Қалиев бағасын берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, Президент Әкімшілігінің басшысы көпшілікке жиі көрінетін саяси фигура емес. Бұл лауазымдағы тұлға Мемлекет басшысының жұмысын қамтамасыз етіп, тапсырмалардың орындалуын бақылаумен және мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестірумен айналысады.
“Сондықтан мұндай қызметтегі тұлғаға нақты баға беру оңай емес. Оның жұмысы көбіне ішкі процестермен байланысты және жария кеңістікте кеңінен көріне бермейді”, – деді Талғат Қалиев.
Скляр тиімді басқарушы ретінде таңдалған
Саясаттанушының пікірінше, Роман Скляр бұған дейінгі қызметінде өзін тәжірибелі әрі тиімді менеджер ретінде көрсете алған.
“Ол Премьер-министрдің бірінші орынбасары ретінде бірнеше рет Президент тарапынан оң баға алды. Сондықтан белгілі бір кезеңде, қазіргі міндеттерді орындау үшін дәл осы кандидат лайық деп танылған болуы мүмкін”, – дейді сарапшы.
Дәдебай кезеңіне баға
Саясаттанушы Айбек Дәдебайдың жұмысына да тоқталды. Айтуынша, оның кезеңінде ел бірқатар күрделі сынақтардан өткен.
“Мәселен, былтыр су тасқыны кезінде Қазақстан жағдайды қысқа мерзімде тұрақтандыра алды. Бұл мемлекеттік аппарат жұмысының белгілі бір деңгейде тиімді болғанын көрсетеді”, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл кадрлық өзгеріс қоғамда айтарлықтай наразылық тудыра қоймайды. Өйткені Президент Әкімшілігінің басшысы – ашық саяси тұлға емес.
Сондай-ақ редакция жуырда Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы сапарына қатысты да пікірін сұрады. Алайда саясаттанушы Талғат Қалиев кадрлық өзгерістің аталған сапармен еш байланысы жоқ екенін атап өтті.
“Сыртқы саясатты Қазақстанда Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады. Президент Әкімшілігі негізінен ішкі саясаттың орындалуын бақылаумен айналысады”, – деді Талғат Қалиев.
Бұған дейін
Айта кетейік, бұған дейін Президент Әкімшілігінде ауыс-түйіс болғаны хабарланған еді. Мемлекет басшысының жарлығымен Айбек Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды.
Еске салайық, Айбек Дәдебай бұл қызметке 2024 жылғы 6 ақпанда келген. Ал Роман Скляр бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған.