Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік инвестициялар тарту мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеңеске Бас прокурор Берік Асылов, Үкімет басшылығы, министрлер, өңір әкімдері, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, "Бәйтерек ҰИХ, Kazakh Invest ҰК, "Атамекен ҰКП басшылығы қатысты.
"Әрбір шетелдік немесе қазақстандық инвестор өз мүддесі қорғалғанына, дау әділ түрде шешілетініне, ал мемлекеттік институттар ашық ережелер шеңберінде әрекет ететініне сенімді болуға тиіс. Көптеген мәселенің түп-тамыры бюрократияда және жергілікті жерлердегі процестер созбалаңға салынуында жатыр. Экономикамызға инвестиция салуға дайын инвестордың бірнеше ай бойы қарапайым техникалық шарттарды немесе жерге құқық белгілейтін құжаттарды ала алмауына жол берілмейді. Бұл - ел экономикасы үшін тікелей шығын", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Kazakh Invest ҰК және әкімдіктер қызметін кемшіліктері, мақұлданған жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіргені үшін сынға алды. Бүгінде өңірлерге жүзеге асыруға ұсынылған 25 жобаның үшеуі ғана белсенді іске асырылып жатыр.
Kazakh Invest ҰК АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловқа ескерту жасалды.
