Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақтан жауап алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Нұрбол Тоқтаубаев оған хабарласып, көлік жүргізіп беруін сұраған. Себебі Тоқтаубаевтың өзі ішімдік ішкен екен.
“Нұрбол “Дархан Әскентай дүкенге ақысын төлеп қойды, барып тағы да сұрайық” деді. Сөйтіп “Қамажай” дүкеніне қайта бардық”, — деді Ысқақ.
Оның айтуынша, олар дүкенге жеткенде Дархан Әскентай сыртта тұрған. Алайда не болып жатқанын нақты көрмегенін айтты.
“Дүкен жарығының шағылысуынан ештеңе анық көрінбеді. Адамдардың бет-әлпетін ажырата алмадым”, — дейді ол.
Сотта Ысқаққа “Шерзат Болаттың достары агрессия көрсетті ме?” деген сұрақ қойылды.
“Әңгіме барысында олар өздерін сәл қатқыл ұстады”, — деп жауап берді сотталушы.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай айыпталушы Думан Ысқақтан тергеу кезінде берген жауабында Шынасылдың қолынан мылтық пен пышақ көргенін есіне салды.
“Пышақты сүртіп жатқанын көрдім, ал мылтық тіреліп тұрған. Пышақтың қай жерін сүртіп жатқанын нақты білмеймін, сабын ғой деймін. Не үшін сүрткенін білмеймін”, - деп жауап берді ол.