Петропавлда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін мұз аренасы құрылысы жүріп жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаланы аралау кезінде Қизатов көшесінде орналасқан алаңға барды. Бұл жерде халықаралық стандарттарға сай 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, екі хоккей корты мен керлинг алаңдары бар көпфункционалды мұз аренасы салынады. Жанында 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, жекпе-жек пен көркем гимнастика залдары, волейбол, баскетбол және фитнес залдары бар әмбебап спорт аренасы бой көтереді. Бұл нысандарда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік болады.
— Өңірде халықаралық стандарттарға сай спорт және әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр пайдалануға берілген үстел теннисі орталығы заманауи талаптарға толық сай келеді. Сонымен қатар, «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сәйкес қайта жаңғыртылған, — деді нысанның құрылыс барысын көрген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Береке шағын ауданындағы жаңа оқу жылында есігін ашатын жаңа жайлы мектептің құрылысын тексерді. «Жас Өркен» шағын ауданында балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов Жұмысшы кентіндегі жол өткелі мен Берекедегі Малая көшесіндегі жол құрылысының барысын бақылады. Барлық мердігерлерге қойылған басты талап – сапалы әрі уақытылы аяқтау.
Азаматтарды қабылдау кезінде түскен өтінішке сәйкес облыс әкімі «Дария» базарының санитарлық жағдайын тексерді. Облыс әкімі базар иелеріне сатып алушыларға жайлы жағдай жасап, санитарлық нормаларды сақтау және аумақты абаттандыру қажет екенін атап өтті.