Перизат Қайратқа қатысты іс: Динара Сәтжан тың деректі бөлісті

Сағыныш Сардарова 15 қар. 2024 14:59 263

Танымал журналист Динара Сәтжан кеше ғана ұсталған Перизат Қайратқа қатысты жағдай сабақ болуы керек екенін, елде ресми органдар ұсынған қайырымдылық қорлардың тізімі болуы қажет екенін айтты. Ол Перизат Қайратпен арада қандай оқиға болғанын да баяндап берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Динара Сәтжанның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын өзінен Перизат Қайрат Астанада қайырымдылық кешін өткізуін, бұл кеште оның шоурумынан бір образды аукционға қоюын, Баян, Аида секілді құрбыларын шақыруын өтінген. Ал кештің басты мақсаты елордада ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына қаражат жинау болған.

"Біз келістік. Ол кеште сол кездегі "Нұр Отан" партиясының ресми өкілдері де болды. Көпшілік "Біз біргеміз" қорының партиямен байланысы бар деп ойлаған шығар, бірақ олай емес", - дейді журналист.

Динара Сәтжан Перизат Қайратпен кездескен сайын оңалту орталығының құрылысы туралы сұрағанын, бұған "мәселені шешіп жатырмыз" деген жауап алғанын айтады.

"Биыл Оразада ауызашарда тағы кездестік. Перизат Астанадағы екі танымал гүл бизнесін сатып алғанын айтты. Екі брендтің негізін қалаушыларды танимын. Олар - бизнесті нөлден бастап, өз еңбектерімен жетістікке жеткен жандар. Сол кезде әзілдеп: "Перизат, мұнай кен орнын тауып алдың ба?" деп сұрадым", - дейді Динара Сәтжан.

Журналист қазір елде олигархтардың өзінен заңсыз активтер қайтарылып жатқанда, Қаржылық мониторинг агенттігінің назарынан ештеңе тыс қалмайтынын, оның үстіне әңгіме 1,5 млрд теңге туралы болғанда, агенттіктен ештеңені жасыру мүмкін емес екенін айтады.

"Перизаттың көмек көрсеткенін бәріміз көрдік. Су тасқыны кезінде де, Газа секторына барғанда да. Мұның бәрі - шындық. Адамдардың қиналғанын көргенде, әрине, көмектескің келеді. Бұл - қалыпты жағдай. Қазір сол кезде оның қоры арқылы көмек жібергендер қапалы шығар.

Бұл оқиғадан кейін қайырымдылық қорларының есебі ашық жүргізілуі керек деп ойлаймын. Сенімді қорлардың тізімі болғаны да дұрыс. Сайтқа кіріп, ҚМА немесе басқа ведомство ұсынған қорларды көріп, соған ақша аударсаң болады. Өйткені біздің қанымызда кісіге жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету бұрыннан бар! Ал қайырымдылық экономикасы ашық әрі әділ болуы керек", - дейді журналист.

Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

"Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді", - деп хабарлады агенттік бұған дейін.

Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.

"Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған", - деп жазылған агенттік мәліметінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар