Перизат Қайрат кейсі Қазақстанның қайырымдылық статистикасына әсер етті ме?

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2025 14:30 11348

Қазақстанда кейінгі кезде қайырымдылық қорларына қатысты дау көп. Бұл бағытта Қазақстанның статистикасы қандай? Ranking.kz сарапшылары талдау жүргізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Статистика не дейді?

2024 жылы Қазақстанда волонтерлік қызметпен айналысатындар саны 62 мың адамға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 46,2%-ға аз. Өңірлер арасында Түркістан облысында ең көп волонтер тіркелген: 27,3 мың адам. Алдыңғы қатардағы өңірлер бестігіне Маңғыстау және Қарағанды облыстары, Астана және Алматы да кірген. Еріктілердің ең аз саны Ұлытау (барлығы 22 адам), Абай (30 адам) және Алматы (86 адам) облыстарында тіркелді.

Еріктілер арасында ерлер басым болды: 33,4 мың, әйелдер саны - 28,6 мың. Волонтерлік қызметпен ауылдық жерлердің тұрғындары көбірек айналысатыны белгілі болды: 35,6 мың адам, қалада 26,4 мың азамат.

Қандай түрлері дамыған?

  • 2024 жылы қазақстандықтар арасында волонтерлік қызметтің ең көп тараған түрі достарына, көршілеріне және әріптестеріне көмек көрсету болды, оны 25,1 мың адам жасаған, 2023 жылмен салыстырғанда 49,6%-ға аз.
  • Танымалдық бойынша екінші орында көшелер, саябақтар мен су қоймалары сияқты аумақтарды абаттандыру мен тазалауға қатысу, сондай-ақ, жануарларға, құстарға және балықтарға көмектесу болды. Волонтерлік қызметтің бұл түріне 17,6 мың адам тартылды.
  • Волонтерлердің бір бөлігі, яғни 3 мың адам мектептердің, білім беру мекемелерінің, діни және басқа да коммерциялық емес ұйымдардың, клубтар мен одақтардың қоғамдық органдарының жұмысына қатысты.

Рейтингте қай орындамыз?

2024 жылғы қайырымдылық индексі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 142-ден 113-орынға ие болды. Индекс үш негізгі критерий негізінде қалыптасты: ақшалай қайырымдылық, қайырымдылық бастамаларына қатысу және халықтың қайырымдылық пен еріктілікке деген жалпы көзқарасы.

Рейтингтің көшбасшысы Индонезия, Кения және Сингапур болды.

ТМД елдері ішінен Ресей (35-ші), Өзбекстан (45-ші), Тәжікстан (62-ші), Қырғызстан (64-ші), Әзірбайжан (119-шы), Армения (124-ші) және Молдова (127-ші) жақсы көрсеткіш көрсеткен.

Перизат Қайратқа қатысты іс

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

Алайда 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. Жуырда Перизат Қайратқа қатысты істі тергеу аяқталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар