Қазақстанда тағы бір блогер ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ақ Жайық" басылымы мәліметінше, Атырауда алаяқтық жасады деген күдікпен блогер ұсталған. Ол жалған ұтыс ойындары мен қайырымдылық жасау желеуімен оқырмандардан ақша жинап отырған.
Полиция мәліметінше, әйел әлеуметтік желілерде тұрмыстық техника, тәттілер және зергерлік бұйымдар секілді бағалы сыйлықтары бар лотереялар туралы хабарландырулар жариялаған. Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыға үй салу үшін қаражат жинау бастамасын көтерген. Қатысу шарттары бойынша көрсетілген шотқа белгілі бір соманы аудару керек болған.
Алдын ала деректер бойынша оның "белсенділігі" 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Қазіргі уақытта 50-ден аса жәбірленуші анықталған. Кейбір жағдайларда залал сомасы 400 мың теңгеден асқан.
"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Перизат Қайратқа қатысты іс
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Алайда 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. Жуырда Перизат Қайратқа қатысты істі тергеу аяқталды.