Power International Holding қатарлық компаниясы Astana Hub-та тіркеуден өтті

Кәмшат Тілеухан 16 мам. 2025 10:56 273

"Power International Holding" (PIH) Қазақстандағы инвестициялық жоспарларын одан әрі кеңейтуге ниетті екенін растады. Бұл ретте қабылданатын шараларды ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев PIH компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Амер Махасенмен болған кездесуі кезінде талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында тараптар энергетика, телекоммуникация, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар және тау-кен металлургиясы салаларындағы PIH компаниясының қазіргі жобалары мен болашақ жоспарларын талқылады.

Амер Махасен компания IT-стартаптардың халықаралық технопаркі – "Astana Hub" негізінде заңды тұлға ретінде тіркеп, цифрлық шешімдер мен қызметтерді іске асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласында PIH-тың медициналық инфрақұрылым бойынша халықаралық тәжірибесін қолдана отырып, медициналық мекемелерді салу және басқаруға қатысу мәселесі талқылануда. Сондай-ақ компанияның халықаралық нарықтардағы табысты тәжірибесін ескере отырып, тау-кен металлургия секторында жер қойнауын пайдалану нарығына шығу перспективалары зерттелуде.

Кездесу барысында PIH пен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы компанияның өзекті жобаларын қамтитын Инвестициялық келісімді дайындау мәселесі қаралды.

Министрдің орынбасары катарлық инвестициялардың ел экономикасының орнықты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

"Power International Holding" жобалары экономикамыздың негізгі бағыттарын қамтиды. Газ өңдеу инфрақұрылымы энергетикалық қауіпсіздікке, телекоммуникация – цифрландыруға ықпал етеді. Денсаулық сақтау, IT және тау-кен салаларындағы бастамалар – технологияларды трансферттеуге және өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл жобалардың сәтті іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", – деді ол.

Өз кезегінде, Елекеев "Kazakh Invest" компаниясы PIH жобаларын барлық кезеңдерде – құжаттама дайындаудан бастап мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіру және әкімшілік рәсімдерді жеделдетуге дейінгі аралықта толық сүйемелдейтінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытып, өзара тиімді өзара іс-қимылды жалғастыруға ниеттерін растады.

Айта кетсек, PIH Қазақстанда бірқатар стратегиялық маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Қашаған кен орнында жылдық қуаттылығы 1 және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауытының құрылысы, "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральды газ құбырының екінші желісінің, КС-14 компрессорлық станциясының және "КС-14 – Ақтөбе – Қостанай" магистралінің құрылысына қатысу. Сонымен қатар 2023 жылы PIH Tele2 және Altel компанияларындағы 100% үлесті сатып алып, телекоммуникациялық қызметтер нарығына шықты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар