Қазақстан Ресейге 5 мың тонна бензин жөнелтті

Қазақстан Ресейге 5 мың тонна бензин жөнелтті
pixabay.com

Шілде айының басынан бері Қазақстан Ресейге шамамен 5 мың тонна автомобиль бензинін экспорттады. Алайда бұл көлем көрші елдегі жанармай тапшылығының 1 пайызын да жаппайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінің екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, жанармайды Мәскеу облысы мен Еділ бойына «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты жөнелткен.

Басылымның мәліметінше, шілде айында Ресейде бензин өндірісі сұраныстан 700-800 мың тоннаға қалып қойған. Сондықтан Қазақстаннан жеткізілген көлем тапшылықты өтеуге айтарлықтай әсер етпейді.

Сонымен қатар Павлодар мұнай-химия зауыты шілде айында Ресейге 17,5 мың тонна бензин экспорттауға квота алғанымен, әзірге жеткізу жұмыстарын бастаған жоқ.

Reuters мәліметінше, «Конденсат» зауыты соңғы бір жылда Энергетика министрлігінен бензинді еркін экспорттауға тұрақты түрде квота алып келген Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын болған. Бұған дейін зауыт өз өнімін Орталық Азия елдеріне, Грузияға және Ауғанстанға экспорттаған.

Шілде айында кәсіпорынға АИ-92 маркалы бензиннің 24,1 мың тоннасына, ал АИ-95 маркалы бензиннің 4 мың тоннасына экспорттық квота берілген.