Бішкекте қырғыз тарапының төрағалығымен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов отырыста бірқатар мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің сөзінше, Ресей мен АҚШ арасында саяси-дипломатиялық диалог жүріп жатыр.
"Ресей мен АҚШ арасында саяси-дипломатиялық диалог жүріп жатыр, бұл жағдай белгілі бір деңгейде үміт ұялатады. Әлемдегі әскери-саяси ахуалды тұрақтандыру тұрғысынан алғанда, ресейлік және америкалық өкілдердің байланыс орнатуының өзі - маңызды факт.
Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтың мультипликатив әсері жаһандық үдерістерге тікелей ықпал етіп, Еуразияның әртүрлі аймақтарында, соның ішінде ҰҚШҰ жауапкершілік аймағында да шиеленісті төмендетуге көмектесетіні күмәнсіз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлемдегі жаңа қауіп-қатерлерді атады.
Сондай-ақ, ол ҰҚШҰ ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті іс-шаралар қабылдап жатқанына сендірді.