Қарағандыда болған оқиға жұртшылықтың назарын аударды. Жергілікті тұрғын Алик Сағын хирургтің салғырттығы салдарынан денесінде медициналық ине қалып қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
eKaraganda.kz порталының мәліметінше, оқиға облыстық клиникалық ауруханада орын алған. Сағынның айтуынша, 14 сәуір күні оң жақ бүйіріндегі қатты ауырсынумен ауруханаға жүгінген. Дәрігерлер оған алдын ала "плеврит" диагнозын қойып, шұғыл ота тағайындаған. Ем алушыны сөзіне сүйенсек, операция тоғыз сағатқа созылған. Одан кейін ол фтизиатрия орталығына ауыстырылып, қайта рентген жасалған кезде ғана оң жақ кеуде тұсынан бөгде зат – медициналық ине анықталған.
19 сәуірде дәрігерлер тағы бір ота жасап, инені алып тастауға тырысқан. Алайда Сағынның айтуынша, бұл араласудан кейін жағдайы одан сайын нашарлаған. Қазіргі таңда ол амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
"Менің жағдайым қиын. Жұмыс істей алмай жүрмін. Дәрігер бір рет те хабарласып, жағдайымды сұрамады. Бәрі тым-тырыс. Осы оқиғаны назардан тыс қалдырмасын деп Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдағым келеді", – дейді Алик Сағын.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, қызметтік тергеу басталған және тексеру нәтижесіне байланысты тиісті шаралар қабылданбақ.
"19 мамыр күні пациент амбулаторлық емделуге шығарылды. Клинико-рентгенологиялық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетіп отыр. Тәуелсіз сараптамалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша денсаулыққа келген зиянның бар-жоғы анықталады", – делінген ресми хабарламада.